Спортшының айтуынша, бұған дейін Азия чемпионы атанғанын ойлау жарыс кезінде артық қысым тудыруы мүмкін. Сондықтан ол бұл жолы өзін қайтадан «нөлден» бастағандай сезініп, жарысқа алғашқы Азия ойындарына қатысқандай дайындалған.
– Шын мәнінде, менің ұстанымым осындай: егер сен Азия чемпионы атанған болсаң, келесі жылы өзіңді қайтадан «нөлге» түсіруің керек. « Мен бұған дейін чемпион болдым» деген ойларды басыңда ұстап, өзіңе өзің қысым жасайсың. Сондықтан бәрін қайта бастау керек.
Бұл сенің алғашқы Азия ойындарың секілді болуы тиіс. Әрине, бұрын қатысқан соң біраз жеңілдеу. Атмосфераны білесің, өзіңді қалай сабырға келтіру керектігін түсінесің, жекпе-жектер мен жарыс кезеңдерінің қалай өтетінін білесің,- деді ол.
Сонымен қатар, София Жапонияға әр қашан жақсы үмітпен келетінін айтты.
– Жапонияға келген сайын бәрін жылы сезіммен еске аламын. Олимпиада ойындары ойға оралады. Өкінішке қарай, біздің спорт түріміз әзірге Олимпиада бағдарламасына қайта енген жоқ. Бірақ Жапонияға келгенде бәрін жақсы көңілмен еске алып, осы жерден медальсыз қайтпаймын деген үмітпен келемін,- деді спортшы.
Қазақстандық каратэші бүгінгі қарсыластарын бағалады.
– Топтық кезең қиын болды. Жеребе нәтижесін көргенде-ақ оңай болмайтынын түсіндім. Сауд Арабиясынан келген қыз – жастар арасындағы Азия чемпионы. Ал Непал спортшысымен өткен Азия ойындарында және лига финалында кездескенбіз. Алғашқы жекпе-жектің өзінде мүмкіндігімді толық көрсеттім, сондықтан одан кейінгі жекпе-жек жеңілірек өтті,- деді София.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жоламан Биғабыл каратэден Азия ойындарының чемпионы атанды.
Сонымен қатар, каратэші Софья Берульцева Қазақстан қоржынына Азиаданың төртінші алтынын салды.