15:38, 28 Сәуір 2009
Софияда «Еуропа үшін табиғи газ» форумы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат – Сәуірдің 24-25-і күндері Софияда Болгария президенті Георгий Пырвановтың қамқоршылығымен «Еуропа үшін табиғи газ: қауіпсіздік және әріптестік» атты халықаралық энергетикалық форум өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Шараға Оңтүстік-Шығыс Еуропаның, қаратеңіздік және каспийлік аймақтардың, Орталық Азияның АҚШ-тың, Еуропалық Одақтың 28 елінен президенттер, премьер-министрлер және үкіметтер өкілдері қатысты. Қазақстандық тараптан форумда ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Ләззат Қиынов болды. Кездесу қорытындысы бойынша аймақтағы энергетикалық қауіпсіздікті кепілдендіру үшін Еуропаға көмірсутектер жеткізілімі жолдарын әртараптандыруға шақырған София декларациясы қабылданды. Форум ауқымында Л.Қиынов Болгария экономика және энергетика министрі Петр Димитровпен кездесіп, энергетикалық саладағы өзара іс-қимыл келешегін талқылады.
Л.Қиыновтың жақында ғана тағайындалған АҚШ Мемлекеттік департаментінің Еуразиялық аймақ бойынша арнайы елшісі Ричард Морнингстармен кездесуінде тараптар энергетикалық әріптестік, Қазақстанда американдық компаниялардың қатысуымен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Р.Морнингстар «Қазақстан өз экономикасына шетелдік инвесторларды тартуда және тиімді энергетикалық саясат жүргізуде көптеген мемлекеттерге жарқын үлгі болып табылады», деп атап өтті.