Қазақстандық дипломат болгар министрін Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы хабардар етті. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат пен климаттың өзгеруі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Президент Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерде атап көрсетілгендей, «табиғи ресурстарды үнемдеу мен ұтымды пайдаланудың технологиялары мен бағдарламаларын енгізуді экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторларды оңтайлы ұштастыру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырған абзал» екендігі атап өтілді. Сонымен қатар қайта жаңғыртылатын энергетика мен энергияны үнемдеу, таза технологияларды дамыту, қоршаған орта саласындағы заңнамалық базаны сәйкестендіру бойынша жұмыстар жайлы және климаттың өзгеру проблемалары бойынша Киото хаттамасының шеңберіндегі шаралар туралы айталды.
Нона Караджова қазақстандық биліктің қоршаған ортаны қорғау және экономика мен энергетика салаларындағы қызметіне, оның ішінде Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы шеңберіндегі бастамаларына жоғары баға берді.
Тараптар екі жақты қатынастарды Қазақстан-Еуропалық Одақ ынтымақтастығы, оның ішінде «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасында көзделген ықпалдастық шеңберінде қарастырды. Осы орайда ведомствоаралық ынтымақтастықты белсенді етуге және қоршаған ортаны қорғау, табиғатты пайдалану мен қоғамның экологиялық тұрақты дамуы салаларында тәжірибемен алмасуға қызығушылық танытылды.