АСТАНА. KAZINFORM — Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Дүниежүзілік ойындар, Азия ойындары мен сары құрлық чемпионатының жеңімпазы Софья Берульцева Каирдегі (Мысыр) каратэден әлем біріншілігінің финалында өнер көрсетті.
Қазақстандық каратэші 68 келіден жоғары салмақта финалда германиялық Йоханна Кнермен алтын жүлдені сарапқа салды.
Бәсеке барысында германиялық спортшы 5:0 есебімен алға кетті. Содан кейін айқын басымдықпен жеңіске жетті – 8:0. Осылайша, С.Берульцева спорттық жолында алғаш рет әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді.
Әлемдік додада тағы бір қазақстандық Дидар Әмірәлі 67 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін айқаста чилилік Фрейре Фуэнтес Томасты жеңді.
Дидар осымен екі дүркін әлем чемпионатының жүлдегері атанып отыр. Бұған дейін ол 2023 жылы да қола жүлдеге ие болған еді.
Сондай-ақ Әсел Қанай 61 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті. Әсел украиналық Олександра Шолоховадан 3:2 есебімен басым түсіп, қола жүлдені жеңіп алды.
Бұдан бұрын қазақстандықтардан Мөлдір Жаңбырбай 2023 жылы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Софья Берульцеваның каратэден әлем чемпионатының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).