Софья Берульцева Қазақстан қоржынына Азиаданың төртінші алтынын салды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Софья Берульцева Айти–Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында каратэден чемпион атанды, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық спортшы кумитэ бағдарламасы бойынша 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, ел құрамасына төртінші алтын медальді сыйлады.

Бұл – Софья Берульцеваның Азия ойындарындағы қатарынан екінші алтын жүлдесі. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да ол 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде чемпион атанған.

– Софья Берульцеваның жеңісі ұлттық құраманы жүйелі даярлау мен Қазақстанда каратэ спортын дамыту жұмыстарының тағы бір нәтижесі болды, – делінген мәліметте.

Софья Берульцева Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші спортшыларының бірі.

Қазіргі таңда WKF каратэ еліміздің 20 өңірінде дамытылып келеді. Спорттың бұл түрімен 77 мыңнан астам адам айналысады. Спортшыларды даярлауға 600-ге жуық жаттықтырушы тартылған, оның ішінде 140 маман ауылдық жерлерде жұмыс істейді.

Бүгін қазақстандық каратэші Жоламан Биғабыл да Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұған дейін тасжолдағы велоспорттан Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко алтын медаль жеңіп алған.

Ал триатлоншы Арлан Жаңабай мен қазіргі бессайыстан Қазақстан ерлер құрамасы қола жүлдеге ие болды.