Софья Самоделкина Олимпиада ойындарында 10-орын алды
МИЛАН. KAZINFORM — Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының әйелдер арасында мәнерлеп сырғанаудан бәсеке өз мәресіне жетті.
Бұл сында ел намысын қорғап жатқан Софья Самоделкина жарыс жолына 13-ші болып шықты.
Айта кетерлігі, спортшымызға қолдау көрсету үшін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров және Ұлттық Олимпиада көмитеті төрағасы Геннадий Головкин арнайы келді.
Отандасымыз еркін бағдарламада «Бульвар Сансет» мюзикалымен өнер көрсетті. Сондай-ақ, қазақстандық спортшы жарыс кезінде үштік лутцден бірлік бойлер және үштік салхау комбинациясын сәтті орындады.
Осылайша, Софья Самоделкина тахникалық элементтерді орындаудан 73.77 ұпай, бағдарлама компоненттерін орындауда 65.22 ұпай еншіледі.
Қысқа бағдарламада отандасымыз 68.47 ұпай алған болатын. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша Самоделкина 207.46 ұпай жинап, жалпы есепте 10-орынға жайғасты.
Айта кетейік, бұл спортшының жеке рекорды. Ол осыған дейін ең жоғары көрсеткішті 2021 жылы тіркеген болатын (205.67 ұпай).
Еске салсақ, Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанау бойынша қысқа бағдарламадан сүрінбей өтті.
Осыған дейін, жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында топ жарған спортшылар туралы жазған едік.