Соғыс аясында әлемдегі 10 ірі компанияның капиталы 4,2 трлн долларға өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Соғыс басталғаннан бері Nvidia, Alphabet, Apple және басқа жетекші корпорациялар нарықтық құнын айтарлықтай арттырды. Тек Meta компаниясы азайған көрсеткіш көрсетті. Бұл туралы Анадолы агенттіг жазды.

Фото: Pexels

АҚШ/Израиль мен Иран арасындағы соғыс басталғалы бері әлемдегі нарықтық капитализациясы ең жоғары 10 компанияның жиынтық құны 16,69%-ға немесе 4 трлн 183 млрд долларға өсіп, 29 трлн 240 млрд долларға жетті.

Жиналған деректерге сәйкес, 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан кейін басталып, кейін Иранның жауап соққыларымен толыққанды соғысқа ұласқан қақтығыстан бері ірі әлемдік корпорациялардың нарықтық құны тұрақсыз динамика көрсеткен.

Наурыз айының соңындағы жағдай бойынша, эскалацияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда, әлемдегі ең ірі 10 компанияның жиынтық капитализациясы 4,30%-ға немесе 1 трлн 77 млрд долларға азайып, 23 трлн 980 млрд долларды құраған.

Ірі инвестициялық банктердің «сатып алу» ұсыныстары, жасанды интеллектке инвестиция салуға қатысты оптимистік күтулер және геосаяси тәуекелдердің төмендеуі туралы ақпараттар ағынының арқасында сәуір айында бұл компаниялардың жиынтық нарықтық құны айлық есеппен 16,19%-ға немесе 3 трлн 882 млрд долларға өсіп, 27 трлн 862 млрд долларға жетті.

Соңғы сауда жабылуы, яғни 8 мамырдағы жағдай бойынша, сәуірдің соңымен салыстырғанда бұл компаниялардың құны тағы 4,94%-ға немесе 1 трлн 377,5 млрд долларға артты, ал олардың жалпы капитализациясы 29 трлн 240 млрд долларды құрады.

Осылайша, соғыс басталғанға дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда, бұл компаниялардың жиынтық құны 16,69%-ға немесе 4 трлн 183 млрд долларға өсіп, 29 трлн доллардан асты.

Nvidia — 5 трлн доллардан асады, Alphabet пен Apple — 4 трлннан жоғары

Нарықтық капитализациясы бойынша ең ірі 10 компанияның ішінде көшбасшы — Nvidia, оның құны 5 трлн 229 млрд долларды құрайды. Наурыз айында 67 млрд 797 млн доллар жоғалтқанымен, сәуірде компания рекорд жаңартып, алғаш рет 5 трлн доллар шегінен асты. Ай соңындағы пайда фиксациясынан кейін уақытша бұл деңгейден төмендегенімен, кейін қайта қалпына келіп, тағы да 5 трлн доллардан асты.

Nvidia-ның ең жақын бәсекелесі — Alphabet, оның капитализациясы 4 трлн 834 млрд доллар. Үшінші орында Apple — 4 трлн 309 млрд доллар. Осылайша, Alphabet пен Apple-дің нарықтық құны 4 трлн доллардан жоғары деңгейге көтерілген.

Тізімде төртінші орында Microsoft — 3 трлн 84 млрд доллар, бесінші орында Amazon — 2 трлн 933 млрд доллар тұр. Ал алғашқы бестіктен кейін Broadcom (2 трлн 36 млрд), TSMC (1 трлн 890 млрд), Saudi Aramco (1 трлн 769 млрд), Tesla (1 трлн 609 млрд) және Meta (1 трлн 547,5 млрд) орналасқан.

Alphabet — ең көп өскен компания, тек Meta шығынға ұшыраған

Соғыс басталғаннан бергі динамикаға сәйкес, долларлық өсім бойынша ең жоғары нәтиже Alphabet компаниясына тиесілі. Оның нарықтық құны осы кезеңде 1 трлн 65 млрд долларға артқан.

Одан кейін Nvidia келеді — 923,6 млрд доллар өсім. Amazon құны 679 млрд долларға, Broadcom — 521 млрд долларға, Apple — шамамен 430 млрд долларға өскен. TSMC — 234 млрд доллар, ал Microsoft шамамен 167 млрд доллар өсім көрсеткен.

Saudi Aramco құны 158 млрд долларға артса, Tesla өсімі 98 млрд 373 млн долларды құрады.

Осы кезеңде құны төмендеген жалғыз компания — Meta, оның капитализациясы 92 млрд 627,63 млн долларға азайған.

Салыстырмалы өсім бойынша қарастырғанда, бірінші орында Broadcom (34,38%), одан кейін Amazon (30,12%) және Alphabet (28,24%) тұр.

Айта кетейік, керісінше АҚШ-тың теңіз блокадасы Иранды $4,8 млрд шығынға ұшыратты.