«Соғыс және бейбітшіліктің» алғашқы басылымы аукционда 1,6 млн рубльге сатылды

Фото: Вelta.by

АСТАНА. KAZINFORM — Лев Толстойдың әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» романының алғашқы басылымы Литфонд аукционында 1,6 млн Ресей рубліне сатылды. Бұл туралы ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі хабарлады.

— Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының алты томдық алғашқы жеке басылымы (1868–1869 ж.) бастапқы 300 000 рубль бағасынан 1 600 000 рубльге сатылды, — делінген хабарламада.

Аукцион қорытындысы бойынша сатып алушылар ұсынылған лоттардың 80 пайыздан астамын иеленді. Жалпы сатылым көлемі 35 млн рубльден асты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоғары нәтиже коллекционерлер мен музей мекемелерінің сирек кітаптарға, тарихи құжаттарға және автографтарға деген тұрақты қызығушылығын дәлелдейді.

Басқа да ірі сатылымдардың қатарында Александр Пушкиннің Борис Годунов пьесасының 1831 жылғы алғашқы жеке басылымы бар. Ол 1,3 млн рубльге сатылды. Сондай-ақ Евгений Шварцтың 1931 жылғы сирек балаларға арналған Птичий двор басылымы 1,2 млн рубльге өтті.

Аукционға қатысушылар тарихи құжаттарға да қызығушылық танытты. 1809 жылғы, император Александр I қол қойған бюджет тапшылығына қатысты құжат 850 мың рубльге сатылды.

XX ғасырдың бірнеше сирек әдеби басылымдары да жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Илья Ильф пен Евгений Петровтың 1933 жылғы Золотой телёнок кітабы бастапқы 50 мың рубль бағасынан 950 мың рубльге сатылды. Кітап баспалық суперқаптамамен ұсынылды.

Айта кетейік, сирек кездесетін Pokemon картасы Нью-Джерсидегі аукционда сатып алушының ақысын қосқанда рекордтық 16,49 миллион долларға сатылды.