Соғыс техникасына ақшалай көмек берген баянауылдық қария
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосқан. Бұл қатарда Ертіс-Баян өңірінен майданға қаржылай көмек берген азаматтар да жетерлік.
ІІ дүниежүзілік соғыс тарихын парақтасақ, сол жылдары республикамызда танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілгені белгілі. 1941 жылы күзде БЛКЖО (Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы) атындағы танк колоннасын құруға қаржы жинау басталды.
Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Жалпы, соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.
Тарихи деректерге ден қойсақ, 1942 жылы КСРО-да бір танкті жасаудың шығыны — 193 мың сом, Ил-4 ұшағы 500 мың сом болған екен.
Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов танк жасау қорына жеке қаражатынан 100 мың сом өткізген. Майданға көмек берген мұндай ерлер Қазақстанның қай түкпірінен болса да табылып жатты.
Мәселен, Баянауыл ауданындағы «3-бесжылдық» колхозының 75 жастағы қарт мүшесі Молша Шағалин танк жасау қорына 50 мың сом өткізіпті. Молша атайдың ел игілігі үшін жасаған еңбектерін Баянауылдағы жерлестері әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүреді.
Бізге бұл деректерді Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің редакторы, қаламгер Жанаргүл Қадырова ұсынды.
Молша Шағалиннің әкесі Шағаланың Алаштың ардақты ақыны Сұлтанмахмұттың:
«Шықай мен Шағала,
Қойың кетті бағана.
Тепең-тепең етесің,
Қойыңа қашан жетесің?» деп келетін алғашқы өлеңінің кейіпкері екенінен көпшілік хабардар. Сол кезде Сұлтанмахмұт Торайғыров 6 жаста болған екен.
Молша Шағалинның өмір жолын Қалмұқан Исабаев өзінің «Лена қырғынында болған баянауылдықтар» атты еңбегінде толық сипаттайды.
Жазушының әңгімелеуінше, 1915 жылы Баянауылдың жігіттері ағылшындар Екібастұзды ашатын болыпты дегенді естіп, осында келеді.
— 1918 жылдың көктемінде Екібастұзда үлкен митинг өтеді. Царев пен Егеубаев сөз сөйлеп, Кеңес өкіметін жариялап, ағылшындарды кен басынан қуып шығады. Молша баласы Ыбырай екеуі бірі шахтер, екіншісі оттықшы болып істейді. Ол кезде Екібастұзды аштық жайлаған. Көпшілік «Ленин бізді бұл қалпымызда қалдырмайды, жағдайды түзейді» деп сенді. Айтқандай-ақ, 1919 жылдың қысында Еңбек пен Қорғаныс Кеңесінің арнаулы қаулысымен Екібастұзға көп көмек көрсетіледі. Азық-түлік жеткізіледі, — дейді Жанаргүл Қадырова.
1918 жылғы ақпанның бас кезінде Молша баласы Ыбырайды жұмысқа аттандырып тұрып:
— Тыным дегенді білме, қарағым, — дейді, — бүгінгі табысымыз түгелдей Қызыл Армияға көмекке барады.
Екібастұздықтардың сол күнгі еңбегіне тиген 35 мың сомға астық сатып алынды да, Мәскеуге жөнелтілді (Омбының «Советская степь» газеті, 1920 жылғы 7 ақпан).
1929 жылы Молша ауылының өзіндей кедей-кепшігімен бас қосып серіктік құрысты да, ортаға бір түйе, екі өгіз және бір сиыр қосты.
1936 жылы Қызылшілік қонысында үшінші бесжылдық атындағы колхозды ұйымдастырғанда Молша алғашқы мүшелердің бірі болып кіріп, ортаға төрт қара берді. 1939 жылы екі биесінен ақбақай құлын туды. Сол жылы екі арғымақ өсіріп жатқанын айтып, Ворошиловқа хат жазып, «большевик Молша» деп қол қойды.
Келесі жылы Молша Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, Мәскеуге екі атын да ала барды. Екеуіне де «Баян» деген ат берілген еді.
Аттарының көрмеде жоғары баға алғаны сонша, КСРО Байланыс халық комиссариаты сол жылы Молшаның аттары бейнеленген почта ашықхатын (открытка) шығарды.
Ал 1942 жылы бүкіл кеңес халқы танк колоннасын жасауға жұмылғанда Молша балаларын жинап алып, біз де үлес қосуымыз керек дейді. Сөйтіп 50 мың сом қаражат қосып, И. В. Сталинге былай деп хат жазады:
«Мен танк колоннасын жасауға белсене қатысуды өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Танк колоннасын жасауға берген қаржымның әр сомасы қаныпезер фашистердің басына оқ боп жаусын. Сәлеммен, большевик Молша».
Көп кешікпей баянауылдық қария бас қолбасшыдан жауап алды:
«Қызыл Армияның бронетанк күшіне көмегіңіз үшін сізге, Шағалин жолдас, алғыс айтам. Өзімнен сәлем, Қызыл Армиядан алғыс қабылдаңыз. Сталин».
«Правда» газетінің 1943 жылғы 13 ақпандағы санында «Баянауыл аудандық партия хатшысы Ш. Бердіғұловтың „Москва. Кремль. Товарищу Сталину“ деген хаты және оған Сталиннің жолдаған жауабы жарияланған.
Ал Баянауыл аудандық «Ленин туы» газетінде 1944 жылдың 9 мамыр күнгі санында Молша қарттың соңғы он жыл ішінде колхоз құрылысын нығайта түсуге өз тарапынан 70 саулық, 4 бұзаулы сиыр, 6 өгіз, 2 түйе, 34 жылқы бергені жазылған.
Атап өтерлік жайт, соғыс техникасына қалтасынан қаражат берген Молшаның үш ұлы бірдей қан майданға аттанған.
1900 жылы туған Бәкен Молшаұлы 1941 жылы соғысқа аттанып, генерал Власовтың армиясында болып, кейін төрт жылын неміс концлагерінде өткізеді. 1945-1954 жылдар аралығында Хабаровск өлкесінде Сталин лагерінің зобалаңын кешіп, кейін ақталды. 1985 жылы өмірден өткен.
1904 жылы туған Омар Молшаұлы Волгоград майданында соғысқан. 1983 жылы дүниеден өтті.
1911 жылы туған Жаңабай Молшаұлы Днепропетровскіде, Румянияда соғысты, бейбіт жылдары ұстаз болып еңбек етті. 1992 жылы көз жұмды.
Еске сала кетейік, Павлодарда Мәншүк Мәметова пайдаланған самауыр сақтаулы тұр.