Соғыстан кейінгі Түрксіб: Жаңа сынақтар мен ірі құрылыстар
АСТАНА. KAZINFORM – Сұрапыл соғыстан кейінгі жылдар Түркістан-Сібір теміржолы үшін жаңа сын-қатерлер мен дүркін-дүркін жеңістер кезеңі болды. Соның нәтижесінде Қазақстан экономикасы қарқынды дамып, теміржол қайтадан елдің басты көлік артериясына айналды. Kazinform тілшісі бұл мақалада көлік жүйесімен қатар өңірдің өзі қалай дамығаны жайлы сыр шертпек.
Түрксібтегі негізгі жүктер транзитпен, мысалы Семейден Арысқа дейін бағытталып отырған. Ішкі тасымал қатарына Ленгер мен Келтемаштан көмір, Шудан сексеуіл, Алматы, Жамбыл және Фрунзе қалаларындағы зауыттар үшін астық пен қызылша кірді. 1946 жылы стратегиялық маңызы зор жаңа жүк – Қаратау фосфориттері қосылды. Сол арқылы Орта Азияның мақта өсіретін аймақтары тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді.
– Қаратау тау-химия комбинатының құрылысы 1941 жылы жоспарланғанымен, соғыс салдарынан кейінге шегерілді. Жамбыл облысы тұрғындарының күшімен бір ғана жаз мезгілінде Жамбыл-Шулақтау теміржолының жер төсеніші салынып бітті. Ұзындығы 90 шақырым болатын бұл учаске 1944 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ құрылыс 1946 жылға дейін созылып, сол жылы Шулақтаудан Жамбылға фосфорит тиелген пойыздар тұрақты қатынай бастады. Жолаушылар пойыздары да рельске шыға бастады. Тұрақты қозғалыс өңір экономикасын айтарлықтай жандандырды, – дейді «Қазақстан темір жолы» АҚ Жамбыл бөлімшесіндегі жауынгерлік және еңбек даңқы музейінің менеджері Венера Букенова.
Жаңа техникалар жеткізілді
Түрксібке «СО» және «СОК» маркалы жаңа паравоздар келіп, ауыр салмақты жүк құрамдарын бір тартқышпен тасымалдауға мүмкіндік туды. Пойыздардың орташа салмағы 500-600 тоннаға артып, бұл өз кезегінде ондаған млн рубльді үнемдеді. Деполарға жаңа станоктар, көмір тиегіштер және шлак тазалауды механикаландыратын жабдықтар орнатылды.
- Осы жылдары жаңашыл әдістер кеңінен іске қосыла бастады. «Бесжүздіктер» және ауыр салмақты пойыздар қозғалысы Матай депосынан бастау алды. Танымал машинист Мұхтар Қаптағаев бір тәулікте локомотивпен 600 шақырымға дейін жүріп, жүздеген тонна отынды үнемдеген еді, – дейді Венера Букенова.
Теміржолшылар ерлігінің ауқымын түсіну үшін тек мына сандарға назар аударыңыз: жаздың екі айының ішінде бөлімше бойынша ауыр пойыз жүргізушілері 929 құрамды тасымалдап, жоспардан тыс 695 мың тонна жүкті жеткізді. Бұл 2,3 млн рубль мен 1232 тонна отынды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Түрксібке соғыс жылдарында салынған тағы бір маңызды сый - Алма-Ата вагон жөндеу зауыты. Мұнда жолаушы вагондарын күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бұған дейін Мәскеу торабымен қамтамасыз етілетін «Алматы-Мәскеу» бағытындағы тікелей пойыздар соғыстан кейін толықтай Алматы торабына берілді.
Халық салған теміржол
Соғыстан кейінгі жылдардағы ең маңызды құрылыс – Мойынты-Шу теміржолы болды.
– Теміржол саласының көрнекті өкілі Нығметжан Есенғарин өз еңбектерінің бірінде соғыстан кейін Қарағанды көмір бассейні мен Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамыған солтүстік облыстарын республиканың оңтүстігімен және одан әрі Орта Азия аймағымен байланыстыратын жаңа теміржол бағытына деген қажеттіліктің өткір тұрғанын жазған болатын. Ол кезде Қарағандыға жету үшін Барнаул-Новосібір-Омбы-Петропавл-Ақмола бағытымен айналма жолмен жүруге тура келетін. Бетпақдаланың тас басқан әрі тіршіліксіз шетімен өтетін болашақ теміржол магистралін салу тек 1947 жылы ғана мүмкін болды, – дейді музей менеджері.
Құрылысқа республика бойынша 12 облыстан шамамен 23 мың адам тартылды. Жұмысшылар алғашқы жылы-ақ ондаған шақырым рельс төсеп, миллиондаған текше метр жер қазды. Олар өзімен бірге жүк таситын көлігі мен құрал-саймандарын, азық-түлігін, тіпті киіз үйлерін ала келді. Солтүстік облыстардан келіп жеткен бригадалар Мойынты станциясынан бастап оңтүстік бағытта жұмыс жүргізсе, оңтүстік бригадалар Шу станциясынан бастап солтүстікке қарай жылжыды.
1950 жылдың желтоқсанында екі бағыт түйісіп, алғашқы құрам Қарағанды көмірін Алматыға жеткізді.
– Алайда желі толық қуатында жұмыс істеуі үшін 13 станция мен 32 қосалқы жол, байланыс желілері және тұрғын үйлер салу қажет болды. Сөйтіп теміржол желісі 1953 жылы толық пайдалануға берілді. Жол бойында жаңа елді мекендер, мектептер мен ауруханалар бой көтерді. Халық салған құрылыс елдің экономикалық тұтастығын паш етті, – дейді Венера Бөкенова.
Дәл осы кезеңде Сарышаған, Шығанақ, Мыңарал, Қияқты, Хантау және басқа да жаңа темір жол кенттері пайда болды.
Тепловоздарға көшу дәуірі
Жаңа салынған Мойынты-Шу теміржолы бірден тепловоздық тартым күшіне бейімделіп жобаланды. Шу мен Сарышаған деполарына ТЭ2 маркалы тепловоздар жеткізілді. Машинистер бұл жаңа локомотивтерді үш адам емес, екі адаммен басқаруды ұсынды. Бұл мыңдаған көмекші мамандарды босатып, еңбек ресурсын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Көп ұзамай тепловоздар өзге де учаскелердегі паровоздарды ығыстырып, локомотивтердің жүріс қашықтығын екі есеге дейін ұлғайтып, шығынды азайтты.
Сонымен қатар жол бойында екінші теміржол желілері салынып, автоматты блоктау және орталықтандыру жүйелері енгізілді. Бағыттағыштар электрлендіріліп, жолды күтіп-ұстайтын механикаландырылған бригадалар құрылды. Мұның барлығы теміржолдың өткізу қабілетін еселеп арттырды.
– Деполарда икемді жұмыс кестелері енгізіліп, жылдам жүргізу, «сусыз рейстер», ауыр жүк пойыздарына арналған «жасыл дәліз» секілді жаңа әдістер пайда болды, – дейді музей қызметкері.
Нәтижелер қандай?
– 50-жылдары жаңа техника жеткізілді. Оның ішінде балласт төсеу машиналары мен қар тазалағыштар да бар. Мойынты-Шу учаскесінде механикаландырылған околоттар мен ірілендірілген бригадалар құрылды. Пойыз жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарының механикаландырылу деңгейі 28%-ға дейін артты, – дейді Венера Бөкенова.
Алматыдағы озат паровоз машинистері мен диспетчерлері жүкті аз құраммен және аз отын шығынымен тасымалдауды үндеді. Бұл бастаманы Жамбыл, Аягөз, Шу, Сарышаған теміржолшылары жаппай қолдады.
1958 жылға қарай теміржолда жеті бөлімше жұмыс істеді. Олардың барлығы тиімділікке қол жеткізді. Сондай-ақ 14 локомотив депосының 12-сі, 7 вагон учаскесінің 6-уы, 23 жол дистанциясының 22-сі, 14 сигнал беру және байланыс дистанциясының барлығы, 6 жүктеу-түсіру конторасы, 8 азаматтық құрылыс дистанциясы және 4 автобаза тиімді жұмыс істеді. Барлығы 117 желілік кәсіпорынның 108-і тиімді көрсеткішке қол жеткізді. Бұл қазіргі замандағы кез келген кәсіпкерді таңдай қақтыратын сандар.
50-жылдардың соңына қарай Түрксіб мүлде жаңаша кейіпке енді. Нақты айтқанда, тепловоздық тартым күшімен, автоматтандырылған басқару жүйесімен және дамыған екінші жол желісімен жабдықталған заманауи теміржолға айналды. Ол көмір, астық пен шикізатты тасымалдап, Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін Орталық Азиямен және Ресеймен байланыстырды. Соғыстан кейінгі онжылдықтарда халықтың жанқиярлық еңбегімен салынған бұл магистраль ел экономикасының тірегі болған заманауи көлік жүйесіне айналды.
Еске салсақ, осыған дейін Алматының символы Көктөбе телемұнарасы қалай салынғаны жайлы жазғанбыз.