Соғыс ардагері К.Кисляцкихті мерекемен ОҚО әкімінің орынбасары құттықтады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды Ұлы Отан соғысының ардагері Кисляцких Константин Федеровичті облыс әкімінің атынан 9 мамыр мерекесімен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Д.Сатыбалды Жеңіс күнін жақындатқан қарт майдангерге бүгінгі бейбіт өміріміз үшін ризашылығын жеткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кисляцких Константин Федерович 1923 жылы 27 желтоқсанда Омбы облысы, Солдат ауданында, Көлкүл ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ауыл-шаруашылық техникумын бітіріп, кеңес армиясының қатарына қосылған ол 1942 жылы 7 қарашада Омбыда әскери ант қабылдады және Сталинградты қорғауға атсалысты.

Сондай-ақ, 1942 жылғы желтоқсан мен 1943 жылғы ақпан аралығында Сталинград қаласын қоршап алған фашистік күштерді жою үшін үлес қосты. Содан кейін Орловск-Курск иініндегі танкіге қарсы пехотасында шайқасқа қатысты.

Қарт майдангер Украина, Польша, Венгрия қалаларын жаудан босатуға атсалысқан. Освенцимда нацистердің қылмыстарын тергеу бойынша комиссиясында жұмыс атқарды. Ол үшін соғыс Австрияда бітіп, сол жақтан ол 1945 жылы 20 қазанда қайта оралды.