Соғыс ардагеріне медаль 70 жылдан соң тапсырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысының ардагері Лев Крымский марапатталғаннан 70 жыл өткен соң «Ерлігі үшін» жауынгерлік медалін алды. Бұл туралы РИА Новости Ресей мәдени орталығының деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Ардагер 1995 жылдан бастап Израильде тұрады. Награданы табыстауға Хайфедегі РФ бас консулы Алексей Сентебов ел солтүстігіндегі Нацерет-Иллит қаласына келді.

98-ші гвардиялық атқыштар Свирский дивизиясының қызыл әскері Лев Крымский 1945 жылғы 23 наурызда венгриялық Веспрем қаласында шайқасқа қатысып «қарсы жақтың үш сарбазы мен бір офицерін өлтіргені үшін» марапатталған. Ол кезде Лев жараланып, госпитальға жатқызылған.

Биыл ардагер 90 жасқа толады.