Соғыс ардагерлері республика, облыс ішінде, сондай-ақ ТМД бойынша тегін жол жүру мүмкіндігін ағымдағы жылдың аяғына дейін пайдалана алады

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соғыс ардагерлері өз қалауы бойынша республика, облыс ішінде, сондай-ақ ТМД бойынша тегін жол жүру мүмкіндігін ағымдағы жылдың аяғына дейін пайдалана алады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттық сауалдар бойынша түсінік берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соғыс ардагерлері мен қатысушыларының Астана, Мәскеу қалаларына, Ұлы Отан соғысының 65-жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларға әуе немесе теміржол көлігімен, ТМД елдері бойынша теміржол немесе әуе көлігімен жол жүруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы бойынша бір рет жол жүру, облыс ішіндегі қатынас бойынша жолаушылар автобусымен төрт рет жол жүру, мамыр айы ішінде қалаішілік қатынас бойынша жолаушылар автобусымен тегін жол жүру жеңілдіктері берілетін болады. 71 адам, оның ішінде 32 соғысқа қатысушы мен оларға бірге ілесіп жүретін 39 адам Мәскеу қаласындағы шеруге қатысу үшін тегін жол жүру билеттері, тамақтану және қонақүйде тұру шығыстарын өтеу түріндегі әлеуметтік қолдаумен қамтылады. Бұл орайда, Астана қаласындағы мерекелік шараларға қатысатын соғысқа қатысушы 170 адам мен бірге ілесіп жүретін 38 адам да осындай қолдау алатын болады. Бұған қоса, соғысқа қатысушылар өзінің қалауымен, республика, облыс ішінде, сондай-ақ ТМД бойынша тегін жол жүру мүмкіндігін биылғы жылдың аяғына дейін пайдалана алады», деді министр.

Оның айтуныша, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде ардагерлерді қосымша әлеуметтік қолдауға арналған шаралар да қамтылады. Мәселен, бұл бағытта 205 мың ардагерге - біржолғы материалдық көмек көрсету, тұрғын үй кезегінде тұрған 750 ардагерге - тұрғын үй бөлу, 26 мыңнан астам ардагерге - қалаішілік, қала маңындағы, халықаралық көлікпен жол жүру жеңілдігін беру, дәрі-дәрмек жеңілдігін қамтамасыз ету секілді шаралар қарастырылған.