Соғыс жылдарындағы әндер жаңаша шырқалады - «Қазақстан» ұлттық арнасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы соғыс ардагерлеріне арнап Жеңістің 70-жылдығына орай ұйымдастыратын «Шын жүректен» атты концертте соғыс жылдарындағы әндер заманауи аранжировкада жаңаша шырқалады.

Естелік концерт қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрінің қатысуымен өткізіледі. Іс-шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, «концерт 1941-45 жылдардағы соғыста жауынгерлердің қаһармандық ерліктеріне деген құрмет және жастардың бойында патриоттық рухты тәрбиелеп, күшейтуге арналған». Концерт 30 сәуір күні сағат 15.00-де «Қазмедиа орталығының» концерт залында болады. Телевизиялық нұсқасын 9 мамыр күні сағат 21.00-де «Қазақстан» телеарнасынан көруге болады. Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қазақстан» телеарнасының жүргізушілері, отандық танымал орындаушылар Ерлан Рысқали, Құрмаш Маханов, Дәурен Сейітжан, Жұбаныш Жексенұлы, Бақыт Шадаева, Мөлдір Әуелбекова, Ерлан Көкеев, Әлішер Кәрімов, Тамара Асар, Досымжан Таңатаров, Рүстем Нұржігітов, Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев Жеңіске арналған әскери жылдардағы әндерді жаңаша көркемдік бейімдеумен орындайды.

«Кестелі орамал», «Темная ночь», «Журавли», «В землянке», «Әлия», «День Победы», «Пляска», «Солдатская полька», «Победная пляска», «Сарбаздар», «Болмасын соғыс», «Ақ көгершін», «Жас қазақ», «Сағадат», «Бейбіт күн тілегі», «Мен сендерді іздеймін» - бұл өлеңдер халық арасына танылып қана қоймай, жауынгерлерге үміт сыйлаған, бейбітшілік орнайтынына сенім арттырған әндер. Бұл өлеңдер жауынгерлерді жеңіске жетуге қанаттандырып, жеңістің ақ таңы атқанға дейін жауынгерлермен бірге қан кешкен өшпес әндер...

Осылайша, мерекелік концерттің ұйымдастырушылары соғыс ардагерлеріне жылы естеліктер кешін сыйласа, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери би ансамблі және оркестрі мерекелік концерттің шырайын кіргізеді.