Соғысқа қатысқан бірде-бір майдангер ескерусіз қалмауы тиіс - ҚР ардагерлерінің ұйымы

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астана әкімдігінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге әзірліктің барысын талқылауға арналған кеңес өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің ұйымдастыруымен өткен пленумға ұйым өкілдері, қорғаныс вице-министрі Болат Сембин және ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпова қатысты.

«Біздің міндетіміз - осы даңқты мерекеге әзірлік барысында барлық мәселеге мұқият назар аудару болмақ. Соғысқа қатысқан бірде-бір майдангер ескерусіз қалмауы тиіс», - деді Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев.

Барлық мерекелік шаралар ұйымның бақылауымен өтеді, оның құрамында қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, ішкі істер, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, мәдениет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің мамандары бар. Кеңесте ұсынылған мәліметтер бойынша, мамырдың 9-ына дейін 750 соғыс ардагеріне жаңа пәтерлер берілмек. Ардагерлердің ТМД елдеріне баруына және біржолғы жәрдем көрсетіледі.

«Мемлекет басшысы бірде-бір соғыс ардагері, олардың жесірлері және тыл еңбеккерлері өздерін мемлекет назарынан тыс қалып, ұмытылған жандай сезінбеуі тиіс екенін айрықша атап айтты. Осыған байланысты ардагерлерге сый-құрмет көрсету мен марапаттау, барлық майдангерлерді баспанамен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрып жатқан баспаналарына жөндеу жұмыстарын жасау, оларға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмектің барлық түрлерін көрсету, темір жол мен әуе көлігінде жеңілдікті және тегін жол жүрулерін қамтамасыз ету тұрғысында бірыңғай шараларды әзірлеуге байланысты ұйымдастырушылық шаралар біздің белсенді қатысуымызбен өтуі тиіс», деп атап көсетті Б. Мұқышев.