Соғыссыз әлемге бес қадам

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «XXI ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды. Бұлай болмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың тіршілік белгісі байқалмайтын орасан зор үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде мұнан басқа планета жоқ және болмайды да.

Сондықтан адамзатқа «XXI ғасыр: Соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет»,- деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 31 наурызда Вашингтонда өткен IV Ядролық қауіпсіздік саммитінде жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде. Қазақстан басшысы бұл жаһандық стратегия ұлттық соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерін айқындауы тиістігіне тоқтала келе, құжатта үш негізгі қағидатты нақты мазмұндау керектігін қадап айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, бірінші қағидат - қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар - ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез-келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек.

Атап айтарлығы, Елбасы соғыссыз әлемге апаратын әлемдік қауымдықтың іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін негізгі бес бағыт бойынша түзу қажеттігін нақтылады. Біріншісі - ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Бұл бағыттағы бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Президенттің өзі атап көрсеткендей, 2015 жылы 7-інші желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Осыдан 20 жыл бұрын, 1996 жылдың 10-ыншы қыркүйегінде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 50-інші сессиясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ)   қабылданды. Бүгінгі күнге дейін шартқа Қазақстанды қоса алғанда әлемдегі 183 мемлекет қол қойды. ЯСЖТШ толық күшіне енуі үшін оған құрамына Корей Халықтық Демократиялық Республикасы, Үндістан, Пәкістан, Иран, Израиль, Мысыр, Қытай Халық Республикасы және АҚШ кіретін қалған 8 мемлекет қол қойып, ратификациялауы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің (атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік) туының астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкі (ТБЯОБ) құрылды. Айта кетелік, ТБЯОБ-ны Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының алаңында құру туралы келісімге 2015 жылғы 27-інші тамызда қол қойылғаны белгілі.

Нұрсұлтан Назарбаев бірінші бағыт шеңберінде әлемдік қауымдастыққа бұдан былай өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық деңгейдегі шешім қабылдауға ұсыныс жасады. Бұл туралы ойын ол манифесте былай жеткізді: «Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың тіркеу реестрін құрған абзал».

Екінші бағыт - қазір әлемнің әр аймағында жинақталған ынтымақтастық тәжірибені кең ауқымды бейбітшілік ареалдарын құру үшін қолдану керек. Осыған орай, Елбасы әлемдегі ядролық қарудан азат аймақтардың санын көбейтуді ұсынады. Оның айтуынша, әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Америкасын, Африканы, Австралия мен мұхиттық аралдарды қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүстік жарты шарды қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» осыдан 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған Орталық азиялық ядросыз аймақ болып табылады. Н. Назарбаев Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жөніндегі халықаралық күш-жігерді белсендірек ете түсу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, ол Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨІҚСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты жаңа ғасырда табысты түрде институттандырылған құрылымдардың мол тәжірибесін кең ауқымдағы Бейбітшілік ареалдарын құруға пайдалануды ұсынды. Бейбітшілік ареалдарындағы қауіпсіздік пен даму мәселелеріне БҰҰ-ға мүше барлық елдер, сондай-ақ БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі кепілдік бере алады.

Үшінші бағыт - халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін әскери блоктарға БҰҰ-ның туының астына біріккен мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім және қауіпсіздік жөніндегі жаһандық коалициясын қарсы қою қажет. Атап айтсақ, бұл бағытта Елбасы XXI ғасырда милитиаризмнің жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін әскери блоктар секілді рудиментін еңсеруге тоқталды.  Бұл туралы Н. Назарбаев манифесте былай деді: «Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күшті тудырады. Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Оның үстіне, әскери блок зонттарын, өздерінің тікелей көршілерін қоса алғанда, үшінші елдермен өзара қарым-қатынасында басымдық алу үшін пайдалануға әрекеттенушілік те жоқ емес. Осылайша қарсы тұру ахуалы жеклеген өңірлерде, сондай-ақ, бүкіл жаһандық кеңістікте шексіз жалғаса беруі ықтимал». Жер бетіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты, сенім мен қауіпсіздікті сақтау үшін, таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті - Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль текетіресін тоқтату болуға тиістігін атап көрсетті. Сондай-ақ, халықаралық қауымдастықтың алдында Корей түбегіндегі, Оңтүстік-Қытай теңізі акваториясындағы және Арктикадағы ахуалдың қаупінің әлеуетін азайту міндеті тұрғанын ескертті.

Төртінші бағытта Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты киберқылмыстарды жоюмен айналысуға үндеді. «Алдымызда мүлде жаңа қатер - терроршылардың қолындағы аса қауіпті қаруға айналуы мүмкін киберқылмысты жоюмен айналысу міндеті тұр» деп мәлімдеді Елбасы. Киберқылмыс дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар? Осыған сәл-пәл тоқтала кетейік. Ресейлік профессор Виталий Номоконов пен М. Планк шетел және халықаралық қылмыстық құқық институтының (Германия) ғылыми қызметкері Татьяна Тропина «Киберпреступность как новая криминальная угроза» атты мақаласында киберқылмысқа мынадай анықтама береді: «Киберқылмыс - бұл компьютерлік жүйелер мен желілердің, сондай-ақ, киберкеңістікке шығатын басқа да құралдардың көмегімен кибер кеңістікте жасалатын қылмыстардың жиынтығы». Шынын айтқанда, бүгінгі таңда виртуалды кеңістікте өзінің арам ойын іске асырғысы келетін қылмыскерлердің құрығына жекелеген адамдар ғана емес, тұтас мемлекеттер де түсіп қалуы ықтимал. Ондай жағдайда мыңдаған пайдаланушылардың қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Онсыз да күн сайын кибер кеңістіктегі қылмыстардың саны артып келеді. Бұл туралы В. Номоконов пен Т. Тропина жоғарыдағы мақаласында былай деп жазады: «Сайт Internet Complain Center (ICЗ), созданный в мае 2000 года для регистрации заявлений пользователей сети Интернет о совершенных в отношениий них киберпреступлениях, 11 июня 2007 года получил миллионную жалобу об интернет-преступлении». Ал, қазіргі кезде мұндай қылмыстар тіптен көбеюде. Өйткені кибер қылмыскерлердің кәсіби деңгейі жетілген сайын, әртүрлі ақпараттық технологиялар да тез жаңаруда. Сайып келгенде, бұл үрдіс жаһандық ақпараттық желілерді пайдаланушы миллиондаған адамдарға зор қауіп туғызады.

Бесінші бағыт - соғыссыз әлемге қадам басу үшін, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасын қалыптастыру қажет. Осыған орай, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 70-інші сессиясында Қазақстан Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 жоспарын жасау бастамасын ілгерілетті. Бұл жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Бұл жөнінде мемлекет басшысы өз манифесінде былай деді: «Барлық ұлттар инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды. Оны БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылып отыр. Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Оның барысында XXI ғасырда қиратып-бүлдіруге әкеліп соқтыратын соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттаған жөн. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру әрекеті жаһандық әлем қарсыластарының ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауға тиіс».

«XXI ғасырда әлемге тыныштық керек!» деп батыл мәлімдеген Елбасы өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, кәсіпкерлерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажеттігін қадап айтты. «Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар» деп қатаң ескерту жасады. Соғыссыз әлемге қадам басу үшін, күллі әлемдік көшбасшылар мен халықаралық қауымдастықты ақыл-парасатқа жүгінуге табандылықпен талап қойды.  

Атап айтарлығы, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты ретінде тіркелді. Президенттік авторлығымен жарыққа шыққан құжат БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунға, сондай-ай ұйымға мүше-мемлекеттердің барлық тұрақты өкілдіктеріне жіберілді. Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның жанындағы тұрақты өкілінің Бас хатшыға жіберген нұсқасы қабыл алынып, манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты деген мәртебеге ие болды. Ол барлық мүше-мемлекеттерге қолжетімді болуы үшін БҰҰ-ның хатшылығының электрондық жүйесіне орналастырылды. Түптеп келгенде, бұл жетістіктердің барлығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қауымдастықтағы өте жоғары беделінің айқын дәлелі екені даусыз.