деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, жазушы Б.Момышұлының адамгершілік тұлғасы, ұстаздық ғибраттары мен ерліктері көптеген дастандар мен шығармалар желісінде айшықтала түскен болатын.
Көрмеге кітап мұражайы қорынан алынған кітаптарының алғашқы нұсқалары мен қолжазба, хаттары, майданда жазылған дәптерлері, сарғайған фотосуреттері қойылған. Сондай-ақ «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Қанмен жазылған кітап», «Психология войны», «Соғыс қателікті кешірмейді» және тағы басқа батырдың өз шығармалары және «Өнер» баспасынан шығып жатқан көп томдықтары мен «Қаһарман Бауыржан Момышұлы» атты фотоальбомы көрмеден орын алған.
«ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін өте ауыр кезең болды. Өйткені 2 рет ашаршылықты, репрессияны басынан кешірді және қазақ халқының сағы сынатындай көптеген оқиғалар болды. Міне, осындай оқиғалардан кейін қазақ жігіттерінің екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетуі бұл ерекше құбылыс. Қазақ жігіттері қан майданда әлі де болса тұлғалық сипатының биік екенін, батыр ұлт екендігін көрсетті. Осы Ұлы Отан соғысындағы қазақ халқының ұстанымын, орнын көрсететін батырлар көп болды, дегенімен оны Б. Момышұлынсыз елестету мүмкін емес. Соғыстан кейін де Б. Момышұлы өзінің азаматтық ұстанымы, жазушылық қасиетімен жоғары дәрежеде қалды», дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.