Инспекторлар ауданның жеке секторындағы үйлерді аралады, тұрғындармен әңгімелесіп, әрқайсысына өртке қарсы тақырыптағы көрнекі үгіт-насихат материалдарын ұсынды.
Айта кетейік, Есіл ауданының ТЖ басқармасы жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша халықпен жұмысты белсенді жүргізіп отыр. Бұл жұмыстар төтенше жағдайлардың туындауын болдырмауға бағытталады. Осы мақсатта 2013 жылы Астана қаласының сол жағалауындағы 4 мыңға жуық тұрғын үйге өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша рейдтер жүргізілді.
«2013 жылы 3 763 жеке меншіктегі үй қамтылды. Есіл ауданында орналасқан ПИК өкілдерімен және көп қабатты тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсететін ұйымдардың басшылармен бірлесіп, тұрғындармен, пәтерлерді жалға алушылармен өртке қарсы тақырыпта 46 жиналыс ұйымдастырылды. Орта білім беру ұйымдарында 9-11 сыныптарда оқитын 76 оқушымен 3 интерактивті сабақ өткізілді, ұдайы дәрістер оқылады, экскурсиялар өткізіледі, өртке қарсы тақырыпта әңгімелесу жүргізіледі», - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, кестеге сәйкес Есіл ауданының ІІБ инспекторларымен бірлесіп, есепте тұрған тұрмысы төмен отбасыларды аралау ұйымдастырылады. Жұмыстар барысында әңгімелесу жүргізіледі, сондай-ақ тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жадынамалар тарату көзделген.