АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Ирландия Қазақстан құрамасының Еуропа құрлығындағы 42-ші қарсыласы болады. Бүгін екі құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысы төртінші турында кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Ирландия - Қазақстан құрамасының Еуропа құрлығындағы 42-қарсыласы болмақ. Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропадағы 41 құрамамен күш сынасты.
Әзірге қазақстандықтар Гибралтар, Израиль, Испания, Италия, Косово, Лихтенштейн, Люксембург, Норвегия, Солтүстік Ирландия, Солтүстік Македония, Уэльс және Швейцария құрамаларымен ойнаған жоқ.
Айта кетсек, Солтүстік Ирландия - Қазақстан матчының тікелей көрсетілімі Астана уақытымен сағат 00:35-те басталады. Оны «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.
Қазірге дейін ел құрамасы үш ойын өткізді.
Қазақстандық футболшылар өз алаңында Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірген еді. Одан кейін сырт алаңда Сан-Мариноны 3:0 есебімен жеңді.
Енді ел құрамасы ойын көрсететін H тобында 19 маусымда Словения мен Дания, Финляндия мен Сан-Марино кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.