Солтүстік Каролина университетінің профессоры: Жәнібек пен Керейдің бірігуі Қазақстан тарихының маңызды дәуірі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жәнібек пен Керейдің бірігуі қазақтардың тәуелсіздікке ұмтылысындағы алғашқы қадамын паш ететін Қазақстан тарихының маңызды дәуірі болды. Бұл пікірді ҚазАқпараттың Брюссельдегі тілшісіне телефон арқылы сұхбат білдірген Солтүстік Каролина университетінің профессоры Стивен Сэбол білдірді.

«Меніңше, дәл сол кезеңде қазақтар жеке халық ретінде таныла бастаған болатын. Бұқарлықтардың, хиуалықтардың және басқалардың олардан айырмашылығы бар екендігін түсінетін уақыт жетті. Толықтай алғанда, Жәнібек пен Керейдің бірігуі қазақтардың тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамын дәлелдейтін маңызды дәуір болғаны анық», - дейді профессор.

Осы ретте ол Қазақ хандығының құрылуын кеңінен атап өту қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне, мәдениеті мен тарихына сай келетіндігін әрі оның нақты жалғасы болып табылатындығын паш ететіндігін баса айтты.

«Қазақтар Кеңес одағына дейінгі бірнеше ғасыр бұрын этникалық біртұтас екендігін сезіне білген болатын. Тіпті, бірнеше ғасыр бұрын олар өз территориясы, әлеуметтік құрылымы мен құқығы бар халық ретінде дамығандығын айтуға болады», - деді Стивен Сэбол.

Оның атап өтуінше, тарих қиын әрі сан қырлы ғылым болғандықтан оны адамдар да сал алуан қабылдайды. Дегенмен, тарихты зерделей түсу тарихи оқиғалардың шынайы себептерін анықтауға мүмкіндік береді.

«Қазақтар таңғажайып бай және өте ауыр тарихқа ие екендігі белгілі. Бірақ, өкінішке орай көптеген студенттер үшін ол «адамды зеріктіретін» болып көрінеді. Олар өткеннің бүгінгі құндылықтарын бағалай алмайды. Сіздердің тарихтарыңызда Семей ядролық сынағы және ұжымдастыру сынды ауыр кезеңдердің өткені белгілі. Тарихты зерделеу мұның не үшін орын алғанын түсінуге септігін тигізеді», - деді шетелдік профессор.