Солтүстік Қазақстан облысы бес жылда проблемалық жолдар мәселесін толық шешпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы СҚО-да 700 шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов мәлім етті.

Әкімнің сөзіне қарағанда, биыл автокөлік жолдарына 6 млрд. теңге жұмсалып, жергілікті маңыздағы 290 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар «Астана-Петропавл», «Жезқазған-Петропавл» республикалық маңыздағы жолдардың қиылысында жаңа жолайрық салынды.

«Алайда, бүгінде облыста жолдардың жартысынан астамы қанағаттанарлық жағдайда емес. Проблеманы шешу үшін алдағы жылы бюджет есебінен біз қаржыландыруды айтарлықтай арттырып, 700 шақырымға жуық жолға жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз», -деді әкім.

Е. Сұлтановтың сөзіне қарағанда, бес жылдың ішінде проблемалық жолдар бойынша мәселелер толық шешімін таппақ.