Солтүстік Қазақстан облысы Бейжіңде инвесторлармен жұмыс істеуге арналған кеңсе ашады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қытайдың Хубэй провинциясында болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыс басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Қызметтік сапар ағымдағы жылдың тамыз айында өткен аймақтық кеңестің отырысында жасалған келісімдер негізінде іске асты. Солтүстікқазақстандық делегация аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетіп, инвесторларға жасалған жағдайлар мен жұмыс шарттары жөнінде айтты.

Құмар Ақсақалов бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында, Қытай бизнесмендерін СҚО-ға шақырды.

«Біздің аймақ бірнеше бағыт бойынша пайдалы экономикалық ынтымақтастық шарттарын ұсынуға дайын. Оның ішінде ауыл шаруашылығынан бастап, өнеркәсіп, машина жасау, агросектордағы қайта өңдеу, сауда-саттық және басқа да салалар бар. Мемлекет тарапынан инвестициялық жобаларға өндірістік инфраструктуралар тартылған. Біз әр жобаға жеке-жеке назар аударамыз», - деді Құмар Ақсақалов.

Ухань қаласында СҚО әкімі азық-түлік өнімдерін импорттауды көздеген ірі сауда нүктелері және жергілікті компаниялардың жетекшілерімен келісөздер жүргізді.

Хубей провинциясының губернаторы Ван Сяодунмен кездесу барысында екі жақты келісім меморандумына қол қойылды.

Шиян қаласында Құмар Ақсақалов шаһар мэрі Занг Вейгумен кездесіп, екі-жақты ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын талқылады.  Сонымен қатар, аймақ басшысы автомобил өндірісімен айналысатын «DongfengMotorCorporation» зауытында болды.

«Хубэй провинциясында 61 млн. адам тұрады. Бұл өлке ел экономикасында бесінші, жалпы аймақтық өнім көрсеткіші бойынша жетінші орын алады.  Жоғары дамыған өндірістік кешені және ғылыми-білім беру негіздері мықты Хубэй мен, дамыған ауыл шаруашылығы, мол ресурстары бар СҚО арасындағы ынтымақтастық екі  жақтың да экономикасын толықтырып дамыта алады», - деді Құмар Ақсақалов

СҚО әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Бейжіңдегі ірі мекемелермен Шаньдун, Хэнань, Цзянсу, Шэнси сияқты үлкен провинциялардың өкілдері облыс экономикасына инвестиция құюға  қазірдің өзінде дайын.

Жуықта Бейжіңде екі-жақты ынтымақтастықтың сұрақтары мен мәселелерін шешуге арналған СҚО-ның рнайы офисі ашылады.