Солтүстік Қазақстан облысына 220 дәрігер жетіспейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында емдеу мекемелерін қажетті қондырғылармен жарақтандыру үшін екінші жыл қатарынан 2,4 млрд астам теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл коронавирус инфекциясымен күресу үшін өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынып жатыр. Бұған дейін олардың саны 73 болса, қазір 112-ге жетті, жақында тағы 111-і әкелінбек. Сондай-ақ өңірге 38 реанимобиль жеткізілуі тиіс.

Облыстағы төрт емдеу мекемесінде 5 оттегі стансасының құрылысы басталды. Оттегі концентраторларының саны 18-ден 312-ге дейін, пульсоксиметрлер 450-ден 1014-ке дейін жетті.

Денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында облыста 510 орынға шақталған көпсалалы облыстық аурухананың құрылысы басталды. Петропавлдағы Береке ықшам ауданында 250 адамдық емхана және 200 орындық инфекциялық аурухана салынып жатыр.

Алайда облыста дәрігер мамандары тапшы, өңірде 220 бос орын бар. Дәрігер жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін бірқатар іс-шаралар қолға алынған.

«Өңірге медицина қызметкерлерін тарту үшін олардың әлеуметтік жағдайын жақсарттық. Жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерге баратын дәрігерлерге 1,5 млн теңге көтермеақы беріледі. Аса қажет мамандарды – 76 дәрігерді резидентурада оқытып жатырмыз. Облысқа келген дәрігерлердің барлығы 100% баспанамен қамтылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қажеттілік 354 маманнан 220 маманға дейін қысқарды», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Ал 2023 жылға дейін медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 2 есе көбейту жоспарланған. Қазір 246 мың теңге алса, кейін олардың табыстары 561 мың теңгеге дейін жетпек.