Солтүстік Қазақстан облысында 3 мыңнан астам отбасы пәтер кілтін алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін СҚО-да 3 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. Бұл туралы облыс басшысы Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыстың маңызды блоктарының бірі - азаматтарымыз үшін жайлы өмір сүру жағдайын жасау. Оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыру және жұмыспен қамту. Өкінішке қарай, өткен жылы өңірде жоспарланған тұрғын үй саны берілмеді. Біз кемшіліктерді қарастырдық және мәселені шешу үшін мүмкін болатын шараларды қабылдадық», - деді Айдарбек Сапаров орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл тұрғын үй құрылысын аяқтау және бюджеттік үйлердің инженерлік желілерін жүргізу үшін қосымша қаржы бөлінді.

«36 көпқабатты тұрғын үй салынады, оның ішінде 16 коммерциялық үй. Биыл тұрғын үйді іске қосу жоспары - 300 мың шаршы метр. Құрылыс сапасына нұқсан келтірмей, тұрғын үйді мерзімінде іске қосуды қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Жыл соңына дейін 3 мыңнан астам отбасы пәтер кілтін алады. Оның ішінде 702 пәтерді халықтың әлеуметтік осал топтары арасында бөлеміз. Оның 140-ын жетім балалар алады. Бірақ, бұл көлемдер де жеткіліксіз. Облыс бойынша тұрғын үй алуға кезекте 20 мыңнан астам адам тұр. Біз жыл сайын тұрғын үй алаңдарын салу көлемін ұлғайту үшін жұмыс істейміз», - дейді өңір басшысы.