Солтүстік Қазақстан облысында Денге безгегіне шалдыққан үш адам тіркелді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері Денге безгегіне шалдыққан үш адам тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті бұған маса шағу себеп болғанын айтып отыр. Аталған дертке шалдыққандардың оны Таиланд және Вьетнамда демалу кезінде жұқтырғаны анықталып отыр.

«Бірінші жағдай ақпан айында тіркелген. Отбасылық жұп Таиландтан өздерін жайсыз сезініп оралған. Олардың айтуынша, екеуін де мейманханада маса шаққан. Үшінші жағдай қазан айында тіркелді. Бұл жолы отбасылық жұп Вьетнамда демалған. Күйеуі аяқасты ауырған. Олардың барлығы екі күндік стационардан ем алды. Қазіргі жағдайлары бір қалыпты. Жұқтырған безгектен кейін денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар жоқ», - деді СҚО ҚДСД карантинді немесе аса қауіпті инфекцияларды бақылау эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Толқын Қаженова.

Денге безгегі - масалар арқылы таралатын вирусты жұқпа. Бұл тұмауға ұқсас ауру түрі. Инкубациялық кезең 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Денге безгегінің негізгі белгілері: дене қызуының 39-40 градусқа дейін артуы, қалтырау, бұлшық еттердің, буындардың, бастың аурыруы, лоқсу, кеуде және арқада қызамыққа ұқсас  ұсақ бөртпелердің пайда болуы. Адамнан адамға жұқпайды. 

Соңғы жаңалықтар