Солтүстік Қазақстан облысында халықтық серуен өтуде

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Тәуелсіздік күнінде халықтық серуен өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Солтүстікқазақстандықтар 30 градустық аязға қарамастан, маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қарсы алуға Орталық алаңға шықты. Таңертең сағат 10-да алаңда қаланың шығармашылық ұжымы өнер көрсеткен «Біздің ортақ үйіміз - Қазақстан» атты концерттік бағдарлама басталып кетті.

Достастық үйінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері дастархан жайды. Қала мекемелері мереке қонақтарына тегін палау, бауырсақ, тұшпара мен шай беріп, сый көрсетті. 

 

Күні бойы көрермендердің қатысуымен флешмобтар, танымдық викториналар, аниматорлар, қуыршақтар мен Халық драма театрының қатысуымен балаларға арналған ойын-сауықтық бағдарламалар, көңілді старттар өткізілу жоспарланған. Кешке Тәуелсіздік сарайында «Тәуелсіздікке - 25 жыл» мерекелік бағдарламасы қойылады. Мереке соңы отшашумен аяқталады. Осындай халықтық тойланымдар облыстың барлық аудандарында өтеді.