Солтүстік Қазақстан облысының әкімі базардағы бағаларды тексерді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл базарларында болды, деп хабаралайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құмар Ақсақалов «Коммуналдық», «Дария», «Оңтүстік» базарлары мен «Отбасылық» гипермаркетіне барып, күнделікті тұтынылатын өнімдердің бағасын қарап шықты. Әсіресе, картоптың бағасына ерекше назар аударылды. Қазан айында оның құны 130 теңгеге дейін шарықтаған болатын.

Талдау нәтижесі бойынша анықталғандай, бұл - картопты базарларға және қаланың сауда нүктелеріне жеткізетін делдалдардың сөз байласуы және алыпсатарлық әрекеттеріне байланысты болған.

 

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын реттеу үшін 800 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, 100 тонна пияз және 100 тонна орамжапырақ сатып алды.

«Қазір базарда картоптың бағасы - 75 теңге, орамжапырақ - 55 теңге, пияз - 90 теңге, сәбіз 88 теңге тұрады. Әр ауданда резервте 100 тонна картоп пен қажетті басқа да көкөністер бар», - деп атап өтті СҚО әкімінің баспасөз қызметінен.