Ғалым Андрей Солодовниктің айтуынша, күннің тұтылуын тылсым дүниеге балайтындар бар, алайда оның кәдімгі құбылыс екенін және әлемнің қай жерінде қай күні болатынан астрономдар баяғыда-ақ болжап айтып берген.
«25 қазан күні болатын тұтылуы кезінде ай дискісі күнді толық жаппайды. Бірақ бұл құбылыстың ауқымы кең болмақ, оны жер шарының солтүстігінен оңтүстігіне дейін, Арктикадан Үнді мұхитына дейін және батыстан шығысқа дейінгі аралықта – Гренландиядан Батыс Сібірге дейін бақылауға болады. Ал Қазақстанда, әсіресе Орал өңірінде ол жақсы көрінбек. СҚО және Петропавл тұрғындары да тұтылудың әдемі көрінісіне куә болмақ. Мұнда максималды фаза немесе аймен жабылған күн диаметрінің үлесі 0.8475 болады, ай дискісі күннің жалпы ауданының 80 % жабады. Яғни, күн сәулесінің жарықтығы кем дегенде бес есе азаяды», - дейді профессор.
Бұл күні күннің тұтылуын бақылағандар одан керемет әсер алмақ.
«Астанада тұтылу сағат 16:06-да басталады, шегіне сағат 17:17-де жетеді. Алматыда күннің тұтылуын сағат 16:26-дан бастап көруге болады, ең жоғары фазаны тұрғындар 17:35-те тамашалайды. Петропавлда құбылыс 15:57-де басталады деп болжанған. Бұл уақытта күн әлі де жоғарыда. Ал құбылыстың шарықтау шегі сағат 17:08-де болады. Бұл кезде күн аттың тағасына ұқсайды. Ал тұтылудың аяқталуы сағат 18:02-ге болжанған, мұны енді біз көре алмаймыз, өйткені күн ұясына батады», - дейді Андрей Солодовник.
Профессор тұтылуды бақылау үшін күн сүзгісі жоқ бинокль немесе телескопты, күннен қорғайтын көзілдірік пен түрлі-түсті әйнекті, компакт-дискіні қолдануға болмайтынын айтады. Құбылысты көру үшін дәнекерлеу көзілдірігін, масканы немесе дәнекерлеу әйнегін, арнайы күн сүзгісін, ысталған әйнекті және бұрынғы компьютерлер дискеттерінің ішіндегі магнитті пленканы пайдалануға кеңес береді.
Андрей Солодовниктің айтуынша, күннің тұтылуы аса сирек кездесетін құбылыс емес. Ең үлкен фазалық мәні бар тұтылу 2008 жылдың тамызында болды. Ал болмашысын астрономдар өткен жылдың маусым айында бақылаған екен.
Бұған дейін 25 қазанда қазақстандықтардың күннің тұтылу құбылысын көре алатындығын айтқан едік. Ғалымдардың айтуынша, дәл осындай фазадағы тұтылу шамамен әр 18 жыл сайын қайталанып отырады екен.
Авторы: Олеся Жуковень