Солтүстік Қазақстанда 13 адамнан балықтан жұғатын инфекция анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл балықтан жұғатын паразиттік ауру – описторхоздың 13 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, описторхоз – адамның ұйқы безін, өт жолдарын және бауырын зақымдайтын табиғи-ошақтық құрт ауруы. Паразиттің тасымалдаушысы адам және үй жануарлары – ит пен мысық болуы мүмкін. Паразит адам ағзасында ондаған жылдар бойы өмір сүреді. Салдарында описторхтар бауыр обырын тудыруы мүмкін.

«Ауру қоздырғышы - үлкендігі 1 см болатын описторх құрты немесе сібір сорғышы, оның жұмыртқасы өте ұсақ болады. Құрттың жұмыртқасы мен дернәсілі қоршаған ортаға төзімді келеді: топырақ үстінде құрт жұмыртқалары 10 күнге дейін, ал су айдындарында 2 жылға дейін сақталады. Дернәсілдері 12 градуста 1 айға дейін, балықтағы тұздың мөлшері 10% болғанда 37 күнге дейін, қақталған балықта 20 күнге дейін сақталады. Балықты ыстықтай қақтау дернәсілді жояды, ал суықтай қақтау олардың өмір сүруіне әсер етпейді», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Бекумова.

Айтуынша, адамға инфекция шикі, жеткілікті қуырылмаған және аздап тұздалған, кептірілген балықты жегенде жұғады.

«Онда описторхис гельминттерінің дернәсілдері болады. Описторхис дернәсілдері негізінен тұқы текті – язь, елец, шабақ, еуропалық плотва, вобла, линь, красноперка, сазан және табан, тұқы, мөңке балықтарында кездеседі. Бір балықта 7 мыңға дейін дернәсіл болуы мүмкін. Зақымдалған балықты айыра алмайсыз, өйткені дернәсілдер тек микроскоппен ғана көрінеді», - дейді маман.

Описторхозды жұқтырмау үшін балықты жеткілікті деңгейде пісіріп жеген дұрыс.

«Балықты қайнаған сәттен бастап кем дегенде 15-20 минут пісіру керек, балық бәлішін пеште кемінде 40 минут ұстаған жөн. Аз тұздалған және жұқа етіп тілініп, тоңазытылған балық етін пайдаланудан бас тартыңыз. Шикі балықты немесе оның ішін үй жануарларына беруге болмайды, өйткені олардың жұқтыру қаупі артады, бұл жағдайда жануарлар описторхозды адамға таратуы мүмкін», - дейді Салтанат Бекумова.