Солтүстік Қазақстанда 190 жасөспірім полиция есебінде тұр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртібі нашар, түрлі құқықбұзушылық жасаған 190 жасөспірім полицияның есебінде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл көшелерінің бірінде сағат 1.00 шамасында ювеналдық полицейлер бір топ жасты тоқтатты.

Тексеру барысында олардың бірінің әлі 18-ге толмағаны анықталды. Жасөспірім түнгі қыдырысы үшін өткен жазда да полицейлердің назарына іліккен болатын.

Осы жолы да оның анасы шақыртылды. Әйелге әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Мұндай түнгі кезекшіліктің басты міндеті – жасөспірімдер тарапынан болатын, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, жыл басынан ювеналдық полицейлер облыс бойынша 60-тан астам рейд өткізген.


Қаңтар айында полицияға 319 жасөспірім жеткізіліпті. Түнде ересектердің қарауынсыз жүргені үшін балалардың 210 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Облыста түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 8 жасөспірім есепке қойылды. Бүгінде полицияның есебінде 190 жасөспірім тұр.


Оның әрқайсымен полицейлер мен ұстаздар жекелей жұмыс жүргізеді.

Көшелердегі рейдтерден бөлек полицейлер есепке алынған отбасыларды да тексеріп тұрады.

Балаларына тиісті тәрбие бермей, немқұрайлы қарағаны үшін биыл облыста 82 ата-ана жауапқа тартылды. Тәртібі нашар 16 бала есепке қойылды.