Бүгін СҚО білім басқармасы басшысы Гүлмира Кәрімованың қатысуымен жаңа оқу жылы қарсаңында брифинг өтті. Оның айтуынша, өңірде 71 мыңнан астам оқушы бар.
«1-4 сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптар ашылды. 20 мыңға дейін бала екі мыңға жуық кезекші сыныпта білім алады. Шалғайдағы шағын жинақты мектептердің оқушылары штаттық режимде оқи алады деген шешім қабылданды. Мұндай мектептер саны 336 немесе 70%. Мұнда 19 мыңнан астам бала оқиды», - дейді Гүлмира Кәрімова.
Дарынды балаларға арналған мектептер және облыс орталығындағы коррекциялық мектептер бастауыш сынып оқушыларына кезекші сыныптар ұйымдастырумен қатар, қашықтан да жұмыс істейді. Ал ауылдық түзету мектептері жабық түрде штаттық режимде оқытады.
«Мұғалімдерге көмектесу үшін бірнеше курс ұйымдастырылды. 10 мың педагогты қамтуға тиіспіз. Қазірдің өзінде 1500 ұстаз оқуын аяқтады. Қалғаны жақында бітіреді. Алғаш рет қыркүйек айының басында ата-аналарға арналған «Бақытты ата-ана - табысты бала» онлайн-курсы ұйымдастырылды», - дейді басқарма басшысы.