Солтүстік Қазақстанда 7-20-25 бағдарламасы қалай жүзеге асады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -  «Нұр Отан» партиясы филиалының депутаттық фракциясының кезекті отырысында Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру жолдары қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылыс басқармасының басшысы Владислав Лукиннің айтуынша, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін Петропавлда «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның қаражаты есебінен көппәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр. 1,3 мыңнан астам пәтер қолдануға болады. Алғашқы 75 пәтерден тұратын тұрғын үй тамызда  беріледі деп жоспарланған.

«Солнечный-2 ауылында бірпәтерлі 211 тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Жеке мердігерлер үйдің құрылысын баяулатып отыр. Олардың белсенділігін арттыру үшін облыс әкімдігі тұрғын үй құрылысына жаңа аймақтарды бөліп берді. Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға арнайы қаражат бөлінді. Биыл жылумен, сумен және электрмен жабдықтау, су тарту жүйелеріне республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінді», - деді В.Лукин.

ҚР Ұлттық банкінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Бақыт Сәбиева «7-20-25» бағдарламасы шілде айында іске қосылатынын айтып өтті. Бұл өңір үшін пәтердің орташа бағасы 15 миллион теңгені құрайды.

Лукиннің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірде салынған тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 140 мың теңгеден аспайды. Жеке мердігерлерде 200 мың теңгеге дейін барады.