Солтүстік Қазақстанда 85 елдімекенге көктемгі су тасқынынан қауіп бар

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына әзірлікті пысықтаған облыстық әкімдіктің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға жауапты ведомстволардың есебін тыңдады.

Өңірде су тасқыны кезінде зардап шегуі мүмкін 85 елді мекен бар.

Соның, әсіресе, 13-і мамандардың бақылауына алынған. Жалпы бұл ауылдарда 6 мыңнан астам адам тұрады.

«Бір аптадан кейін көктем басталады. Көктемдегі басты мәселе – су тасқыны. Бүгінгі таңда ауыр техника дайын, жанар-жағар май, инертті материал жеткілікті. Су тасқыны болған жағдайда шұғыл әрекет етуге 2,5 мың адам және 1,5 мың техника дайын. Алдын ала атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, соңғы бес жылда 170 елді мекеннен көктемде су басу қаупі алынды. Ол үшін 130 км-ге үймежал, 7 км астам жерге бөгет жасалды. Облыстың автожолдарында 79 су өткізу құбырлары және 7 тюбинг қойылды. 48,5 км-де кептіру жүйесі жөнделіп, ауыстырылды», - деді Құмар Ақсақалов.

Былтыр ауыр техника мен құтқарушылар су басу қаупі бар шалғай орналасқан елді мекендерге алдын ала жіберілді.

Биыл бұл тәжірибе қайталанбақ.

«Көктемгі су тасқыны кезінде алқаптардан келетін су бар. Былтыр осындай су 13 рет жолды шайып кетті. Биыл мұндай жағдай қайталанбауы үшін жергілікті әкімдіктер жұмыстарды алдын ала бастап, жағдайды назарда ұстап отыруы қажет. Тағы бір мәселе, ауыл ішіндегі қарларды шығару. Соңғы екі жылда 100-ден астам елді мекенде ауылішілік жолдар жөнделіп, жаңа асфальт төселді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына осы жолдарды сақтап қалу үшін ауыр техниканы шығармауды тапсырамын. Көктемгі су тасқынына әзірлік Петропавлда да кең көлемде жүргізілуі тиіс. Облыс орталығын аралаған кезде қаланың шеткері аудандарында қардың шығарылмай жатқанын көремін. Бұл дұрыс емес. Петропавл әкіміне су ағарлар мен кәріз желісінің уақтылы тазартылуын, шатырлардан қардың және мұздың алынуын бақылауда ұстауын тапсырамын», - деді облыс әкімі.