Солтүстік Қазақстанда 95 адамды кене шақты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстанда соңғы екі айда кене шаққаннан 95 адам зардап шекті. Барлығына медициналық көмек көрсетілді.

Бұл туралы ҚР ТҚҚ агенттігі СҚО Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің паразиттік ауруларды қадағалау бөлімінің басшысы Татьяна Краснова хабарлады.

Эпидемиологтар қауіпті жәндіктерден қорғанудың бірнеше тәсілі бар екенін ескертеді. Біріншісі, табиғат аясына шықпас бұрын киетін киім жайлы ойластыру қажет. Дене барынша жабық болғаны дұрыс.

"Шалбар, ұзын жеңді кеудеше, жаға тұсын түймелеп, аяққа шұлық киіп алу қажет", - деп хабарлады Т. Краснова.

Мамандардың айтуынша, эпидмаусым қыркүйекке дейін созылады. Осыған байланысты өңірдің эпидемиологтары бірнеше рет орман алқаптарын өңдеуден өткізеді. 560 га жерді залалсыздандыру жоспарлануда.

Биылғы жылы жәндіктермен күреске мемлекеттік бюджеттен 4 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.