«Кеше кешке Новоишимское ауылының стансалық кентін су тасқынынан қорғау мақсатында ауыл маңындағы республикалық маңызы бар А-16 «Жезқазған-Петропавл» автожолының 701-шақырымында жол жабындысын қазу жұмыстары жүргізілді. Сол жерге жергілікті полиция қызметі кезекшілік ұйымдастырып, күзет орнатты», - деді баспасөз қызметі.
Сол ауданда, Тоқсан би ауылынан 5 шақырым жердегі трассаға екі рет су жайылған. Алғашқысы республикалық маңызы бар «Жезқазған-Петропавл» автожолынан 68 шақырымында тіркелді, оның ұзындығы 180 м, тереңдігі 20 см-ға дейін жетеді. СҚО ТЖД мәліметтеріне сәйкес, елді мекенді су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Көлік қозғалысы шектелді. Осы бағытта Рузаевка ауылы арқылы айналма жол бар.
Тағы бір судың жайылуы Тоқсан би ауылы маңында, республикалық маңызы бар М-36 «Екатеринбург - Алматы» автожолында болған. Оның ұзындығы 220 метрді, тереңдігі 20-25 см құраған. Елді мекендерге қауіп төндіріп тұрған жоқ. Тек көлік қозғалысы қиындай түсті.