Солтүстік Қазақстанда елік атқан браконьерлер ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы заңсыз аңшылықтың екінші дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мағжан Жұмабаев ауданына рейд барысында тәртіп сақшылары мен қорықшылар браконьерлердің үстінен түскен. Олар Октябрьское ауылының маңындағы жолда ВАЗ 21310 автокөлігін, оның артқы білігінен қара дақты байқаған. Форма киген адамдарды көрген жүргізушінің жылдамдықты арттыруы күдікті күшейте түсті. Тәртіп сақшылары жүргізушіні қуып жетіп, көлігін жол шетіне ығыстырды.

Көлікте аудан орталығы - Булаево қаласының 28, 27 және 25 жастағы үш тұрғыны болған. Артқы орындықтан қару мен оқ-дәрі бар оқшантай, ал жүксалғыштан 2 сібір елігінің мүшеленген еті табылды. Кейінірек полицейлер жануарларды заңсыз атып алған орынды да іздеп тапты.


Автокөлік, мүшеленген ет, қару мен оқ-дәрі тәркіленді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

«Бұл - биыл тіркелген заңсыз аң аулаудың екінші фактісі. Рейд тұрақты өткізіледі. Тек дүйсенбі 6 қаңтардан бастап облыста аң аулау тәртібін бұзғаны үшін – 26, балық аулау бойынша – 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қаруды заңсыз сақтаудың – 3, қаруды сақтау қағидаларын бұзудың 1 дерегі анықталды», - деп хабарлады СҚО ПД табиғатты қорғау полициясы тобы бастығының міндетін атқарушы Асхат Қожабаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжатта заңсыз аң аулаушылардың жауапкершілігін күшейту жайы да айтылады.