Солтүстік Қазақстанда Наурыз күндері 600-ден астам іс-шара өтеді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Наурыз мерекесіне орай 600 іс-шара жоспарланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықтық серуендер Петропавлдың Орталық алаңында 21 наурыз күні басталады. Қала тұрғындары мен қонақтары наурыз көжеден, бауырсақтардан, палаудан тегін дәм татады. Достастық үйінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік бағдарламалар, «Наурыз кубогы» КВН-інің облыстық фестивалі, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында мерекелік концерт жоспарланған. Еліміздің 9 облысынан келетін суырып салма ақындардың қатысуымен республикалық айтыс пен киіз үй конкурсы өткізіледі.

 Білім беру мекемелерінде сынып сағаттары, таңертеңгіліктер, салтанатты жиналыстар мен Наурыз мейрамы тақырыбында концерттер жоспарланған. Мекемелерде, ұйымдарда және облыстық кәсіпорындарда соғыс және еңбек ардагерлерінің, құрметті азаматтардың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен салтанатты жиналыстар өтеді.

 

 Қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды, ата-анасының қамқорлығынан айырылған және жетім балаларды, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды «Нептун» аквапаркіне және аттракциондарға тегін алып бару көзделген.

20 өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындар мен көтерме фирмалар азық-түліктерді төмен бағада сатуды ұйымдастырады.

22 наурыз күні этноауылдардың қатысуымен негізгі мерекелік іс-шаралар Орталық алаңда жалғасын тауып, сахналық және спорттық алаңдар ұйымдастырылады.

 

23 наурыз күні көрермендердің назарына «Армысың әз Наурыз!» атты концерттік-ойын-сауықтық бағдарлама мен балаларға арналған «Салтымызды сақтайық» театрландырылған-танымдық бағдарлама ұсынылады.

Облыстың барлық 13 ауданында спорттық іс-шаралар, соның ішінде грек-рим күресінен облыстық чемпионаты, шаңғы жарысының біріншілігі, баскетболдан облыстық чемпионат, көркем гимнастика, ұлттық спорт түрінен жарыстар жоспарланған.