Солтүстік Қазақстанда өрттен қаза тапқандар саны екі есе артқан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 166 өрт тіркеліп, 24 адам мерт болды. Қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Дмитрий Растихиннің айтуынша, 23 наурыз күні Петропавлдағы бес қабатты үйлердің бірінің жертөлесінде өрт шыққан.

Құтқарушылар 25 адамды эвакуациялады.

«Отты абайсыз қолдану – өрттің шығуына негіз болған. Яғни жертөледе жағылған балауыз шам сөндірілмей қалған. Өртті сөндіру барысында біздің қызметкерлер жертөледен көлемі 27 литрлік екі газ баллонын шығарды. Екі қабаттан жоғары үйлерде газ баллонын пайдалануға, сақтауға тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске саламыз. Ақпан айында дәмханада газ баллонын пайдалану салдарынан 3 адамның қаза тапқанын білеміз. Қаншама алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан тұрғындар ескертпелерге құлақ аспай, өздерінің, көршілерінің өмірлерін қауіпке тігеді», - дейді Дмитрий Растихин.

Осы күні Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесі, 225 мекенжайындағы тұрғын үйде өрт шығып, 132 адамды эвакуациялауға тура келді. Бұл жолы да отты абайсыз қолдану оқыс оқиғаға себеп болған.

Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка елдімекенінің тұрғыны өлім аузынан қалды. 1939 жылы туған әйелге иіс тиіп, уланды.

«Қазір күндіз жылы, түнде аяз. Пеш дұрыс тартпай, мұржа бітеліп қалады. Сол себепті пешті тексеріп отыру қажет. Жалпы пештің мұржасын ең кемінде үш айда бір рет тазартып отырған жөн. Алайда көпшілік бұған мән бермейді. Тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытпауға шақырамыз», - дейді басқарма басшысы.

Ал бүгін таңенртең Петропавлдағы қонақ үй кешендердің бірінің саунасынан өрт шықты.

Мамандар оқиға орнынан 50 литрлік газ баллонын алып шықты.

СҚО-да мобильді топ газ баллонын пайдалануға қатысты дәмханаларды тексеріп, заң бұзушылықтарды анықтағанымен, оларға ескертуден басқа шара қолдана алмай отыр.