Солтүстік Қазақстанда су тасқынының екінші толқыны жүруі мүмкін

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына құтқарушылардың болжамынша су тасқынының екінші толқыны келе жатыр, алайда ол біріншісіне қарағанда әлдеқайда әлсіз болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелін төмендету және бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Наурызбаев брифингте көктемгі су тасқыны бойынша ақпараттандырды. Оның айтуынша, қазір өңірде жағдай тұрақталды.

«Сергеев су қоймасында су бөгеттен 85 см асып, төгіліп жатыр. Қазгидрометтің Тоқсан би ауылының маңында орналасқан гидрологиялық бекеттің мәліметінше, су деңгейі түсіп жатыр. Яғни су Сергеев су қоймасына жетті. Алайда, біздің болжам бойынша Есіл өзенінде су деңгейі екінші рет қатты көтерілмейді, біз оны байқамаймыз да», - деді Серік Наурызбаев.

Өткен аптада құтқарушылар Петропавл су қоймасында және Тепличное елді мекені жанында Есіл өзені деңгейінің көтерілгенін бақылады.

«Тепличное елді мекенінде қатты желдің салдарынан қиын жағдай туындады. Қатты толқын жасаған бөгетімізді шайып кете жаздады. Құм толы қаптармен бекіттік. Дәл сондай жағдай Заречный кентінде де болды. Петропавл су қоймасында 24-26 сәуір аралығында су деңгейі өз шарықтау шегіне жетті. Қазір тәулігіне 3-4 см түсіп жатыр. Су ағыспен төмен кетті. Қазір Соколовка елді мекенінің маңында су деңгейі көтерілген», - деді С.Наурызбаев.