Солтүстік Қазақстанда тасқын астында қалған ауылдардағы су деңгейі төмендеуде

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты су астында қалған ауылдардағы судың деңгейі төмендеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«17 сәуір күні кешкісін судың деңгейі анағұрлым төмендеп, адамдар өз үйлеріне орала бастады. 4 үй әзірге су астында қалып тұр - біреуі Рузаевка ауылында және үшеуі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье ауылында орналасқан», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Еске салайық, 16 сәуір күні Жембарақ өзенінің тасуы салдарынан су деңгейі кенет көтеріліп кетті. Рузаевка ауылында 83 тұрғын үй мен 185 ауланы тасқын су басып қалды. Дәл осындай жағдай Чистополье ауылында орын алып, Ақан-Бүрлік өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 19 тұрғын үйді су басып, 54 адам эвакуацияланды. Раисовка ауылында Шарық өзенінің арнасынан асуына байланысты 30 тұрғын үй зардап шекті. Ақан-Бүрлік өзенінің тасуы салдарынан Құйған ауылында тұратын 1 отбасы зардап шекті.

Келесі күні Айыртау ауданы Константиновка ауылындағы тұрғын үйлер су астында қалды. Дәл осы аудандағы Бабық-Бүрлік өзені арнасынан асып, Гусаковка ауылындағы 26 жеке үйді су басты және 12 үйге қауіп төнді.

780 адам, соның ішінде 110 бала эвакуацияланды. Олар туыстары мен эвакуациялық бекеттерге орналастырылды. Сондай-ақ, 1929 үй жануарлары құтқарылды. Алдын ала дерек бойынша, Рузаевка ауылындағы 92 бас ірі қара мал қырылып қалды. Бұл жағдай тексерілуде.