СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісовтың айтуынша, соңғы екі айда коронавирусқа қарсы вакцина алушылардың саны күрт төмендеген.
«Шілде айында тәулігіне 3-5 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алатын. Қазір вакцина алушылардың саны 600-ден аспайды. Өңір вакцинация бойынша басқалармен салыстырғанда соңында келеді», - дейді Құмар Күсемісов.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан, Айыртау, М.Жұмабаев, Тайынша, Қызылжар және Уәлиханов аудандары екпе алудан көш соңында келеді.
«Вакцина алушылар санының азаюына байланысты бірнеше екпе пунктін жабуға шешім қабылдадық. Олар соңғы уақытта тәулігіне орта есеппен 4-5 адамды ғана қабылдап келген. «Тайга» базарындағы, Әуезов көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығындағы, спорт сарайындағы, колхоз базарындағы және жастар сарайындағы вакцинация пункттері жабылады. Қалғандары бұрынғысынша жұмыстарын жалғастыра береді», - деді Құмар Күсемісов.
СҚО-да бүгінге дейін вакцинаның бірінші компонентін 230 242 мың адам алса, 206 566 адам толық курстан өтті.
Бұған дейін 15 қыркүйек өңірде тұмауға қарсы вакцинацияның басталатынын айтқан едік. СҚО-ға 60 мың доза вакцина жеткізілді.