Солтүстік Қазақстанда Жастар саябақтары ашылады
СҚО әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Ирина Тухватулинаның айтуынша, Жастар саябақтары облыс аумағында биыл жазда ашылады.
«Біз Елбасының «Жасыл қала - жасыл ауыл» жобасын қолдаймыз және биыл әр ауданда, Петропавл қаласында Жастар саябақтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа әскери-патриоттық бағыт аясында «Әскердегі бір күн» жобасын жүзеге асырмақпыз. Мақсатымыз, жастарды әскери борышын өтеуге шақыру», - дейді Ирина Тухватулина.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыста атқарылатын жұмыстар ауқымды. Петропавлда алғаш рет «Ivent»республикалық инновациялық жобасы, киберспорттан аймақтық турнир, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының байқауы ұйымдастырылмақ. Шалғай ауылдарда еңбек етіп жатқан жас мамандар үшін Жастар керуені лагері жұмыс істейтін болады.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында «Жүз нақты қадам жастарға» жол картасы жасалған. Нәтижесінде жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп, 9 бағыт бойынша жұмыстар атқарылмақ.
Иллюстрациялық сурет