СҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, елде карантин басталысымен өңірдегі түзету мекемелерінде жеке қорғаныш заттарын тігу жолға қойылды. Қазір маска және қорғаныш киімдерді тігумен ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 20 ер адам және ЕС-164/6 әйелдер колониясынан 110 жазасын өтеуші айналысады.
«Елде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін маскаға сұраныс артты. Солтүстікқазақстандық жазасын өтеушілер тіккен қорғаныш бұйымдарын күш құрылымдары қолданып жүр. Бұдан басқа 700 қорғаныш костюмін әзірледік», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.
Карантин басталғалы жазасын өтеушілер 300 мыңдай, соның жартысы бір реттік қолданылатын маска тіккен.
«Қазіргідей қиын жағдайда адамдар бір-біріне көмектесуі қажет. Біз бір реттік және көп рет пайдалануға болатын маска тігеміз. Пайдаға жарап, қауіпті инфекциямен күреске аз да болса үлесімізді қосып жатырмыз», - дейді жазасын өтеушілердің бірі.