Солтүстік Кипрдің техникалық университеті қазақстандықтарға оқу гранттарын бөлді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Кипрдің Таяу Шығыс техникалық университетінде (METU NCC) қазақстандықтарға бірқатар мамандықтар бойынша гранттар бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтына сілтеме жасап.

Солтүстік Кипр Таяу Шығыс техникалық университетінің кампусін (Middle Eastern Technical University Northern Cyprus Campus METU) Түркия Үкіметі мен Солтүстік Кипр Үкіметі Анкарадағы Таяу Шығыс техникалық университетінің филиалы ретінде құрған. Аталмыш оқу орны 2010 жылы The Times газетінде 200 дүниежүзілік үздік университеттер қатарында 183-ші орын иеленді. 

Университет бакалавриат бағдарламалары бойынша гранттар ұсынады.

Бағдарламалар: Экономика, ағылшын тілін оқыту, бизнес әкімшілендіру, саясаттану және халықаралық қатынастар, психология, нұсқаулық және психологиялық кеңес беру, химиялық инженерия, аэроғарыштық инженерия, мұнай және табиғи газ инженериясы.

Студентке стипендия тағайындалады  (2 - 100% стипендия, 2 - 75% стипендия және 5 - 50% стипендия). Шәкіртақы толық оқу ақысын және кампуста орналасқан жатақханадағы төрт орынды бөлмеде тұруды қамтамасыз етеді.

Ағылшын тілінде сынақтан өтпеген оқушыларға бір жыл тіл курстарында тегін оқуға мүмкіндік беріледі.

Жартылай стипендиялар оқу ақысынан 75% және 50% жеңілдік ұсынады.

Үміткерлерге қойылған талаптар: 100% стипендия болуы үшін - Ұлттық бірыңғай тестінен (ҰБТ) төрт пән бойынша (орыс тілі немесе қазақ тілін қоспағанда) жалпы 100 балдан 95 балл, Ұлттық бірыңғай тестінен (ҰБТ) 5 пәннен, соның ішінде 2 таңдамалы пән бойынша 140 балдан 125 балл жинау керек. 

75% стипендия болуы үшін - ҰБТ-дан  төрт пән бойынша (орыс тілі немесе қазақ тілін қоспағанда) жалпы 100 балдан 90 балл, Ұлттық бірыңғай тестінен (ҰБТ) 5 пәннен, соның ішінде 2 таңдамалы пән бойынша 140 балдан 120 балл жиналуы керек.

50% стипендия болуы үшін ҰБТ-дан төрт пән бойынша (орыс тілі немесе қазақ тілін қоспағанда) жалпы 100 балдан 84 балл, ҰБТ-дан 5 пәннен, соның ішінде 2 таңдамалы пән бойынша 140 балдан 100 балл жинау керек.

Өтініш берудің мерзімі 29 шілдеде аяқталады.

Құжаттар тек толықтай жиналған жағдайда Астана қаласы, Мәңгiлiк ел даңғылы 8, «Алтын Орда» бизнес орталығы, 5-қабат, 507-кабинет мекенжайында қабылданады.

Сұрақтар бойынша төмендегі нөмірлер арқылы хабарласуға болады - +7 (7172) 24-93-71,76-90-83.