Солтүстiк Корея басшысы Ким Чен Ын 40 тәулiктен берi алғаш рет қарасын көрсеттi

СЕУЛ. ҚазАқпарат - Солтүстiк Корея басшысы Ким Чен Ын бүгiн бiр айдан астам уақыттың iшiнде алғаш рет көпшiлiк алдына шықты.

Солтүстiк Кореяның орталық телеграф агенттiгiнiң хабарлауынша, Ким Чен Ын ҚХДР Ғылым академиясының Табиғи энергия ресурстары институтын және ғалымдарға арналған Wisong тұрғын үй кешенiне бас сұққан. Бұл хабар әлемдiк БАҚ-та тарап кеткен қауесеттi жоққа шығарды. Айта кетейiк, 3 қыркүйектен кейiн көпшiлiк алдына шықпай кеткен Ким Чен Ын "үй қамауында отыр, ал елдiң iшiнде бүлiк орын алды" деген жорамалдар жасалған болатын. "Тұрғын үйлердiң әдемi түрлi-түстi қасбеттерiн көрген ол құрылыстың сапасына дән риза болды. Оның айтуынша, үйлер керемет пейзаж көрiнiстерiмен көмкерiлiп, тамаша сәулет нысанына айналғандығын атап өттi", - делiнген Орталық телеграф агенттiгiнiң хабарламасында. Ким 2011 жылы оның әкесi Ким Чен Ирдiң қайтыс болуынан кейiн билiк басына келген болатын.