Корея Республикасының әскери-теңіз күштері ешқандай шығынға ұшыраған жоқ, есесіне солтүстіккорейлік кеме «біраз зақымданды». Бұл туралы Оңтүстік Корея әскери-теңіз күштерінің ресми өкілі мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
«Ол жақын қашықтықтағы қақтығыс болған жоқ. Біз солтүстіккорейлік кемедегілердің бастарын көтертпей, оқ жаудырдық», деген офицер, мұның соңғы 7 жылда солтүстіккорейлік тараппен болған бірінші қарулы қақтығыс екенін айтып отыр.
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары осының алдында Сары теңіз айдынында Корей Халық Демократиялық Республикасы мен Оңтүстік Кореяның әскери кемелерінің арасында атыс болғанын хабарлаған болатын.
Корея Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілінің айтуынша, солтүстіккорейлік шолғыншы катері Пэннендо аралы маңында теңіздегі шекараны бұзған. Сондықтан оңтүстіккорейлік кеме оған ескерту ретінде оқ атуға мәжбүр болған. Солтүстік Корея катері де оларға оқпен жауап қайтарған.
Кореяның Орталық телеграфтық агенттігі таратқан Корей халық армиясы жоғарғы қолбасшылығының мәлімдемесінде айтылғандай, Солтүстік және Оңтүстік Кореяның шолғыншы кемелері атысқан қарулы қақтығыс оңтүстіккорейлік тараптың «арандатушылық әрекеті» болып табылады.
Сары теңізде Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея кемелерінің арасында орын алған қарулы қақтығыс кездейсоқ оқиға. Бұл туралы Корея Республикасының премьері Чон Ун Чхан ел парламентінде депутаттарға мәлім етті. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл шақырылған жиналысында ел президенті Ли Мён Бак орын алған оқиғаға «сабырлылық» танытудың қажеттілігін атап көрсетіп, әскерилерді онсыз да күрделі жағдайды, ушықтырмауға шақырды.