Солтүстік Корея Жапонияға қарай зымыран ұшырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Солтүстік Корея тағы да орта қашықтықта ұшатын баллистикалық зымыранды ұшырды. Зымыранның ұшырылғанын АҚШ қарулы күштері тынықмұхиттық қолбасшылығы да нақтылап отыр, деп жазады Би-би-си.

Зымыран Корей түбегінің шығыс жағалауынан Жапонияға қарай бағытталған.

Америкалық әскерилердің мәліметі бойынша, зымыран Жапон теңізінің бейтарап аймағына құлаған.

Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігі таратқан ақпарат бойынша, зымыран 9 минут бойы ұшқан. Осы уақыт аралығында ол 60 км қашықтықты жүріп өткен.

Солтүстік Кореяның бұл жолғы зымыран сынағы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің АҚШ-қа баруына 1 күн қалғанда жасалып отыр.

Қытай көшбасшысының Дональд Трамппен арадағы талқылайтын мәселелерінің бірі осы Пхеньянның зымыран-ядролық әлеуетін ауыздықтау болып табылады.