Бұл тасымалдауы жоспарланған бидай көлемінің 54 пайызын құрайды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай айтты.
Мәліметтерге қарағанда, астықты өңірлердің элеваторлық сыйымдылығын босату үшін Азық-түлік корпорациясымен 500 мың тонна бидайды басқа өңірлерге тасымалдау туралы шешім қабылданған. Оның ішінде Ақмола облысынан - 151, 4 мың тонна, Қостанай облысынан - 165,5 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысынан - 183,2 мың тонна тасымалдау жоспарланған. «Осы мақсаттар үшін Үкімет резервінен 1,7 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 268 мың тонна бидай тасымалданды. Бұл барлық жоспарланған бидайдың 54 пайызы болып табылады. Астықтың негізгі көлемін тасымалдауды қазан айының соңына дейін аяқтау көзделеді», - деді А. Мамытбеков.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік астықтан бөлек агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері де өз астықтарын өзге өңірлердің астық қабылдау кәсіпорындарына тасымалдайтын болады. «Бүгінгі күні ел ішіндегі осылайша тасымалданған астықтың мөлшері 388 мың тоннаны құрайды», - дейді ведомство басшысы.