Солтүстікқазақстандық әжелер наурыз көже әзірлеудің сырымен бөлісті

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Наурыз көже - мерекенің басты тағамы, дастарқанның сәні. Жыл бойы молшылық болсын, шаңырақтан ырыс-құт кетпесін деген ырыммен әр отбасы ұлттық асты әзірлеуге тырысады. Қызылжар өңірінің әжелері мейрам қарсаңында наурыз көже дайындаудың сырымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының тұрғыны Алтын Жарасова наурыз көжені жиырма жылға жуық әзірлеп келеді. Айтуынша, ұлттық тағам 7 түрлі дәмнен дайындалғанымен, әр өңірдің, тіпті, әр отбасының пісірген көжесінің өз ерекшелігі бар. Зейнеткер биыл да қазанға мол етіп наурыз көже әзірлеп, отбасы мүшелеріне ғана емес, көршілерге де ауыз тигізбек.

«Наурыз көжеге ең алдымен суды аламыз. Су - тіршілік көзі. Әрине ет қосамыз, сүр ет болса тіптен жақсы. Қазақты етсіз елестету қиын, ас мол болсын деген ырыммен салынады. Тұз қосамын. Жүгері, бидай салу керек. Өсіп-өнсін, көбейсін деген мағынада. Соңында «ақ мол болсын» деген тілекпен қатық құямын. Езілген құрт тағамның дәмін келтіреді. Дайын көжені жеті үйге таратып, жеті шаңырақтан дәм тату қажет», - дейді Алтын әже.

Қызылжарлық тағы бір әже - Рауза Аманжолова «әр отбасы наурыз көже пісіруге міндетті» деп есептейді. Ақ жаулықты ананың айтуынша, үйде қандай дәм бар соның бәрін ұлттық тағамға қосуға болады. «Наурыз көженің құрамы 7 дәмнен асуы мүмкін, тек тақ сан болуы керек» деген пікірде.

«Кей өңірлерде наурыз көжеге көкөніс қосады, мейіз салады екен. Құрамы әртүрлі болуы мүмкін. Кімге қалай ұнайды, үйінде не бар - соны қосады. Киелі 7 саннан кем болмауы қажет. Мен өзім етті, арнайы сақтаған сүрді, бидай жармасын, тары мен күрішті алдын ала бөлек пісіріп аламын. Сорпаға құрт еземін. Етті ұсақтап турап, қосамын. Жылқының еті болу міндетті емес. Осыдан кейін пісіп тұрған дәнді дақылдарды араластырамын. Соңында айран немесе сүт құямын», - дейді Рауза Аманжолова.

Қызылжарлық әжелердің айтуынша, наурыз көжеге қандай дәмнің қосылатыны маңызды емес - Ұлыстың Ұлы күні жасалатын қасиетті тағамды ең бастысы - жақсы тілек тілей отыра, ықыласпен әзірлеп, ұсыну қажет. Өйткені, наурыз көже - тоқшылық пен мол ырыстың, құт-берекенің жоралғысы.

Соңғы жаңалықтар