Солтүстікқазақстандықтар М. Жұмабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - 31 мамыр күні Петропавлда 20-шы ғасырдың 1930 жылы мен 1950-ші жылдардың басында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу митингі мен гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті.

Саяси қуғын-сүргін жылдарында құрбан болғандар, күштеп жер аударып жіберілгендер мен 1931-1933 жылдары жасанды ашаршылық кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналған митингке жиналған жұртшылықтың алдында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов сөз сөйледі.

«Бүгін біз саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып отырмыз. Бұл күні біз еліміздің тарихындағы ең қайғылы даталардың бірін еске түсіреміз. 30-шы жылдары республикамызда 100 мың адам сотталып, репрессияға ұшырады. Қазақстан тұтас халықтардың депортацияланған жеріне айналды. Тек СҚО-на ғана 130 мыңнан астам адам жіберілген. Біздің халықтарымыздың достығы мен бірлігінің арқасында ғана сол ауыр кезеңдерге төтеп беріп, аман қалу мүмкін болды», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Петропавлдағы Естелік қабырғасында репрессияға ұшыраған 7612 солтүстікқазақстандықтың есімдері жазылған. Ол бірнеше жыл бұрын ашылды.

Бұл күні солтүстікқазақстандықтар атақты Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне де гүл шоқтарын қойды.